Ақтоғай ауданында су басқан сібір жарасы көмінділері аумағы зерттелді
Сібір жарасының өршуі тіркелген жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ветеринария басқармасы басшысының м.а. Асылтас Тілеубаев Ақтоғай ауданы бойынша сібір жарасы көмінділері аумағын зерттеуге қатысты өтініштер түскенін мәлім етті. Осыған байланысты құрамына ветеринарлық, санэпидемстанция мамандары кірген комиссия құрылған.
– Комиссия мүшелері көмінділер аумағына барып, жақын жерден топырақ сынамаларын алды. Топырақ зерттеліп, сібір жарасы аталған аумақта анықталған жоқ. Мамандар инфекцияны алдын алу мақсатында қауіпті жерлерді әрдайым бақылауда ұстайды, – деді Асылтас Тілеубаев.
Оның айтуынша, бұрын сібір жарасы тіркелген жерлер қоршалып, ол жерге тақтайша ілінетін. Облыс бойынша барлық аудандарда ондай 131 пункт бар. Қазіргі таңда барлық сібір жарасы көмінділері қоршалған. Жыл сайын көктем айында мониторинг жасалып, барлық пунктер тексеріледі. Қоршауы немесе тақтайшасы құлап қалса, қайта орнатылады.
Бұдан бөлек, бүгінде аймақта сегіз қолайсыз пункт тіркелген.
– Екібастұз қаласы Қоянды ауылдық округінің шаруа қожалығында эпизоотиялық лимфангиттің бір ошағы тіркелді. Ірі қара малдың бруцелез ауруы бойынша жеті қолайсыз пункт анықталды. Оның алтауы Баянауыл ауданында болса, біреуі – Екібастұз қаласында, – деді спикер.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында мал қорымдары жетіспейді. Қазіргі таңда өңірде 103 мал қорымын салу қажеттілігі бар. Олар екі түрге бөлінеді. 2015 жылдан бастап мал қорымдарының құрылысы нақты ережелер бойынша салынды. Осы стандарттарға сәйкес салынған қорымдар типтік деп аталады. Облыста ондай 33 қорым бар. Ол жерасты суларымен жанаспайтындай салынады. Екіншісі – бұрыннан келе жатқан бетон шұңқырлар. Өңірде ондай 206 шұңқыр бар. Биыл Ертіс ауданының Панфилов ауылында және Баянауыл ауданының Жаңатілек ауылына мал қорымын салу жоспарлануда.