Павлодар облысында жылыту маусымы ерте басталуы мүмкін

Павлодар облысында жылыту маусымы ерте басталуы мүмкін
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Жылу жүйелерін қысқы кезеңге дайындау жұмыстары соңғы кезеңге жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзаипов жылу желілерінің тозуы, жөндеу жұмыстарының қарқыны, жылу қуатының тапшылығы, жеке сектордың әзірлігі және тұрғындардың қауіпсіздігі мәселелеріне тоқталды.

– Төрт жыл бұрын Павлодарда шамамен үш шақырым жылу желісі жаңартылса, биыл бұл көрсеткіш 23,6 шақырымға жетті. Жөндеу ауқымының ұлғаюы салаға бөлінетін қаржы көлемінің де бірнеше есе артқанын көрсетеді, – деді ол.

Жылу қуатының тапшылығын бірден жою мүмкін емес. Екінші жылу-электр орталығындағы үш турбинаны 2026-2029 жылдары жаңарту жоспарланып отыр. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асқан сайын қосымша жылу қуаты қалыптасып, жаңа тұтынушыларды орталықтандырылған жүйеге қосу мүмкіндігі артады.

Соңғы жылдары өңірде жылыту маусымы қыркүйектің 9-10-ы күндері басталып жүр. Ал биыл ауа райының жағдайына қарай жылуды белгіленген мерзімнен ертерек беру мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл әлеуметтік нысандарды дер кезінде жылытуға және жылу инфрақұрылымын алдын ала реттеуге мүмкіндік береді.

Жылу желілері қала әкімдігінің қарамағына берілгеннен кейін кәсіпорынның жұмысына қатысты да түсініктеме берілді. Мамандардың айтуынша, қызметкерлердің жұмыс орындары мен негізгі міндеттері өзгеріссіз қалған. Ал қаржыландыру мәселесінде жергілікті атқарушы орган тарапынан көрсетілетін қолдау күшейген.

– Жеке сектордың қысқы маусымға әзірлігіне де ерекше көңіл бөлінуде. Жеке үйлердің ішкі жылу жүйелерін шаю және қысыммен сынау жұмыстарын үй иелері өздері ұйымдастыруы тиіс. Бұл, ең алдымен, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, баспаналарды тұрақты жылумен қамту үшін маңызды, – деді Ержан Иманзаипов.

Кәсіпорын өкілдерінің мәліметінше, қажетті дайындық құжаттарын тапсырған жеке сектор тұрғындарының үлесі шамамен 20 пайызды құрайды. Мамандар қалған тұрғындарды жылыту маусымы басталғанға дейін үйлеріндегі жылу жүйелерін тексеріп, қажетті жұмыстарды аяқтауға шақырды.

Еске сала кетейік, биыл өңірде жылу желілерін жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.