Баянауыл ауданының екі ауылында ветеринарлық пункттер салынады
Аудан әкімімен кездесулер барысында тұрғындар жол, ауыз су және ветеринариялық қызметке қатысты мәселелерді көтерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ардақ Кісентаев Жаңатілек және Қаратомар ауылдық округтерінің тұрғындарымен кезекті кездесу өткізді. Жиында ауылдарды дамыту көрсеткіштері сараланып, халықты алаңдатқан мәселелер талқыланды.
Жаңатілек ауылында жаңа балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Сонымен қатар жергілікті мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Білім беру сапасын арттыру мақсатында оқу орнына жаңа жиһаздар сатып алынған.
Ауыл шаруашылығын қолдау және эпизоотиялық жағдайды жақсарту үшін Қаратомар мен Жаңатілек ауылдарында жаңа ветеринариялық пункттер салу жоспарланған.
Кездесудің екінші бөлігі сұрақ-жауап форматында өтті. Тұрғындар инфрақұрылымға қатысты бірқатар мәселені көтерді.
Жаңатілек тұрғындары мал қорымын ретке келтіру, ветеринариялық пункт салу, лиманды суару жүйесін жөндеу және мектепті қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелерін қозғады.
– Мектептегі жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталып, білім ордасы толықтай қажетті оқу жабдықтарымен қамтылады, – деп атап өтті аудан әкімі Ардақ Кісентаев әлеуметтік желіде.
Қаратомар ауылында орталықтандырылған су құбырының жағдайы, аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу және ветеринариялық қызмет мәселелері көтерілді.
Жиын қорытындысы бойынша барлық өтініштер мен ұсыныстар хаттамаға енгізілді. Жолдарды жөндеу, таза ауыз сумен қамту және шаруашылық бағытындағы жұмыстар жауапты бөлімдерге жүктеліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.