Павлодар облысында жылу инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда

Павлодар облысында жылу инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Жылыту маусымына дайындықпен қатар өңірде энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары да жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзаиповтың айтуынша, энергия өндіруші кәсіпорындарда негізгі жабдықтардың 41 бірлігін жөндеу көзделген. Қазіргі уақытта оның 22-сі толық қалпына келтіріліп, 15 нысанда тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қалған төрт жабдық бойынша жөндеу мерзімі әлі басталған жоқ.

– Электрмен жабдықтау желілері бойынша 2393 шақырым желі мен 790 бірлік жабдықты жөндеу жоспарланған. Бүгінде 2069 шақырым желі мен 722 жабдықтағы жұмыс аяқталды. Ал жылумен жабдықтау жүйесінде қарастырылған 48,9 шақырымның 48,2 шақырымы жаңартылып, жоспардың 98,6 пайызы орындалды, – деді ол.

Көктемде өткізілген гидравликалық сынақтар барысында облыстың үш қаласында 202 ақау анықталды. Оның 128-і Павлодарда, 62-сі Екібастұзда, 12-сі Ақсуда тіркелген. Ақауларды жоюға 64 бригада мен 33 арнайы техника тартылды.

Қазір 473 автономды қазандық пен 2494 көпқабатты тұрғын үй алдағы қысқа дайын. Білім беру және денсаулық сақтау нысандарының әзірлігі 100 пайызға жеткізілді.

– Өңірдегі коммуналдық инфрақұрылымды түбегейлі жаңартуға энергетика және коммуналдық секторларды модернизациялау жөніндегі ұлттық жоба да мүмкіндік беріп отыр. Бағдарлама аясында жалпы ұзындығы 92,4 шақырымды құрайтын 16 жоба жүзеге асырылуда. Олардың жалпы құны – 21,7 миллиард теңге. Тоғыз жоба электрмен жабдықтау жүйесіне, жетеуі жылумен қамту саласына бағытталған, – деді Ержан Иманзаипов.

Биыл жылу желілеріне қатысты жеті жобаны іске асыру жоспарланған. Олар Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларын қамтиды. Павлодарда ТМ-20, Ақсуда Ленин және Астана көшелеріндегі учаскелерде, ал Екібастұзда ТМ-5, ТМ-10, ТМ-11 және ТМ-16 желілерінде жаңғырту жүргізілді.

Жүргізіліп жатқан шаралардың негізгі мақсаты – жылу жүйелерінің тозуын азайту. Қазіргі таңда облыс бойынша бұл көрсеткіш 78,2 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесінде оны 76,6 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр.

Павлодар қаласының жылу жүйесін дамыту бойынша техникалық аудит те аяқталды. Зерттеу барысында жылу өндіруші станциялардан бастап соңғы тұтынушыға дейінгі инфрақұрылымның мүмкіндіктері, резервтік қуаты және даму перспективалары сараланды.

Мамандардың айтуынша, қаладағы жылу қуаты тапшы учаскелерді бірден жою мүмкін емес. Бұл бағыттағы жұмыс бірнеше жылға есептелген. Мәселен, №2 жылу-электр орталығында үш турбинаны кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланып отыр. Бірінші турбина 2026-2027 жылдары, екіншісі 2027-2028 жылдары, үшіншісі 2028-2029 жылдары ауыстырылады.

Жаңа қуаттардың іске қосылуы облыстағы жылу жүйесінің резервін арттырып, қазіргі шектеулі учаскелерді біртіндеп ашуға мүмкіндік береді.