Павлодар облысында республикалық маңызы бар жолда шұңқырлар жойылады

Павлодар облысында республикалық маңызы бар жолда шұңқырлар жойылады

Асфальт жабыны ауыстырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«ҚазАвтоЖол» ҰК республикалық маңызы бар «Астана - Шідерті - Павлодар - Успенка - РФ шекарасы» автомобиль жолының 230-254 шақырым аралығындағы Шідерті кенті маңында жүргізілетін орташа жөндеу жұмыстарына дайындық басталғанын мәлім етті.

– Жөндеу жұмыстарын орындау мақсатында мердігер ұйыммен келісімшарт жасалды. Қазіргі уақытта мердігер тарапынан жол-құрылыс материалдарын дайындау, инертті компоненттерді жеткізу, сондай-ақ асфальтбетон зауытын орнату және іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Негізгі асфальтбетон жабынын төсеу жұмыстары 2026 жылы қолайлы ауа райы жағдайы қалыптасқаннан кейін басталатын болады, – деді компанияда.

Сонымен қатар, 8 қазаннан бастап мердігер ұйым өз қаражаты есебінен жол жамылғысындағы шұңқырларды жою және ақауларды түзету жұмыстарын жүргізеді. Аталған шаралар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және көлік қозғалысының жайлылығын арттыруға бағытталған.

Учаске бойында жылдамдықты шектеу және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығы туралы ескерту белгілері орнатылды.

Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жүргізушілерден жол ережелерін қатаң сақтауды, жылдамдық режимін төмендетуді және қозғалыс кезінде мұқият болуды сұрайды.