Павлодар облысында жоғары сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер аталды

Павлодар облысында жоғары сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер аталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Былтыр ХҚКО-да 500-ден астам мемлекеттік қызмет көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Павлодар облысы бойынша филиал директоры Асылбек Сапарбек мәлім етті. 

– Қазіргі таңда жоғары сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер түрлеріне электрондық цифрлық қолтаңба, жеке куәлік пен паспорт, жүргізуші куәлігін беру, жылжымайтын мүлікке құқықтарды, автомобильдерді қайта тіркеу жатады, – деді спикер. 

2023 жылдың қорытындысы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы дәстүрлі 501 184 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Ал 1180 593 азамат өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары және электрондық үкімет порталы және оның мобильді нұсқалары арқылы қажетті көмек алды.

Сондай-ақ, әлеуметтік қамсыздандыру желісі бойынша 56244 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оған жас бойынша зейнетақы және базалық зейнетақы төлемдері, жүктілік және босану, жұмысынан айрылу, жерлеу, 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі, бала тууға арналған, мүгедектігі, асыраушысынан айырылу бойынша және көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы жатады.