Павлодар облысының Шарбақты ауданында полицияға 200-ден астам қоңырау түсті
Жедел басқару орталығы бейнекамералар арқылы көшелердегі құқықбұзушылықтарды анықтап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, Шарбақты ауданындағы Жедел басқару орталығы тәулік бойы қоғамдық орындар мен көшелердегі жағдайды бақылайды. Жыл басынан бері 102 нөміріне 200-ден астам қоңырау түсіп, әрбір хабарлама бойынша тиісті шаралар қабылданған.
Мәселен, Шарбақты ауылында бейнебақылау камералары күндіз жарық шамдарын қоспай жүрген автокөлікті тіркеген. Полицейлер жүргізушіні анықтап, жауапкершілікке тартты.
Шарбақты аудандық полиция бөлімінің Жедел басқару орталығының аға инспекторы Сұңқар Мейрмановтың айтуынша, бейнебақылау жүйесі құқықбұзушылықтарды жедел анықтауға және патрульдік қызметтің жұмысын үйлестіруге көмектеседі.
– Жедел басқару орталығының негізгі міндеті – құқықбұзушылықтарды нақты уақыт режимінде тіркеу және патрульдік жасақтардың жұмысын үйлестіру. Камералар арқылы ұсақ бұзақылық, қоғамдық орындарда ішімдік ішу, абаттандыру ережелерін бұзу деректері анықталады. Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерінің сақталуы, қауіпті маневрлер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі бақыланады, – деді Сұңқар Мейрманов.
Бейнежазбалар қылмыстарды жедел ашуға, жол-көлік оқиғаларының мән-жайын анықтауға және тергеу кезінде дәлел ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ камералар қараусыз қалған көліктерді табуға көмектеседі.