Павлодарлық полицейлер блогерлермен ынтымақтаспақшы
Басты мақсат – тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын бірлесіп жүргізу, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар облысының полиция департаментінде өңірлік блогерлермен жұмыс кездесуі өтті.
– Полиция қызметкерлері күнделікті жұмыс барысында азаматтармен, құқық бұзушылармен, қоғам белсенділерімен, журналистермен, блогерлермен кездеседі. Сондықтан полиция қызметкерлері қоғаммен тиімді әрекеттесу үлгілерін үнемі жетілдіріп, әлеуметтік коммуникация дағдыларын меңгеруде, – делінген хабарламада.
Кездесу ашық диалог форматында өтті, оның барысында блогерлер қызмет көрсету кезінде халыққа ақпаратты тиімді және дұрыс жеткізу, тиімді кері байланыс жасау, белгілі бір жайттарға немесе ағымдағы оқиғаларға мүдделі азаматтарға қызметтік құпияны бұзбай ақпаратты қалай дұрыс жеткізу туралы айтты.
Жиын барысында қатысушылар ұсыныстар мен тың идеяларды талқылап, ашық пікір алмасты. Кездесу соңында интернет қолданушылары мен полиция қызметкерлері алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Блогерлер ең болмаса қарапайым қауіпсіздік ережелерінің сақталуына назар аудару үшін тұрғындардың әл-ауқаты үшін жан-жақты қолдау мен көмек көрсетуге тырысып жатқандарын айтты.