Павлодар облысында ірі инвестициялық жобалар ерекше бақылауға алынады

Асайын Байханов өңірлік инвестициялық штабтың отырысын өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімдігінде өткен штабтың отырысы жаңа форматта өткізілді. Енді жобаларды іске асыру мәселелері әрбір инвестормен жеке-жеке, яғни, құрылыс кезеңінен бастап түйінді мәселелер мен оларды шешу жолдарына дейін талқыланады.
Өңір басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында инвестицияларды тартуға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және тиімді жобаларға преференциялар беруге ерекше назар аударылғанын атап өтті.
– Біздің алдымызда өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету және басым инвестициялық жобаларды қолдау бойынша маңызды міндеттер тұр. Олардың әрбірі іске асырылып, жаңа жұмыс орындарының құрылуы мен облыс экономикасына жұмыс істеуі маңызды, – деп атап өтті әкім.
Отырыста өңірдің жеті ірі инвестициялық жобасы жан-жақты қаралды. Олардың қатарында Екібастұздағы ферроқорытпа зауыты, «Павлодар» АЭА аумағындағы құрамында алтын бар концентратты қайта өңдеу бойынша гидрометаллургиялық кешен, катодты мыс, алкилат өндірісі және ПМХЗ-да сутегі өндіретін инновациялық қондырғы салу бар.
– Барлық жауапты органдар үйлесімді әрекет етіп, туындайтын мәселелерді қысқа мерзімде шешуі тиіс, – деп атап өтті өңір басшысы.
Отырыстың қорытындысы бойынша Асайын Байханов индустриялық-инновациялық даму басқармасына салалық басқармалармен және қала әкімдерімен бірлесіп өңірдің барлық инвестициялық жобаларына қолдау көрсетуді және туындаған мәселелерді жедел шешуді, Павлодар және Екібастұз әкімдеріне инфрақұрылымды уақытылы тарту және инвесторларға преференциялар беру мәселелеріне ерекше назар аудара отырып, қалалық инвестициялық масштабтағы жобалардың іске асырылу барысын ай сайын қарауды тапсырды.