Павлодар облысында ауыл жолын жөндеуге кәсіпкерлер қолдау көрсетті
Бастама ауыл тұрғындарының игілігіне бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шарбақты ауданындағы Богодаровка ауылына кіреберіс жол жаңартылып жатыр. Бүгін басталған жұмыс барысында ұзындығы 700 метр учаскенің, оның ішінде асфальт жабынының тозған бөлігі қалпына келтіріледі. Жөндеу жұмыстарын бір апта ішінде аяқтау жоспарланған.
Жоба әлеуметтік жауапкершілік аясында демеушілердің өз қаражаты есебінен жүзеге асуда. Оған облыстық мәслихат депутаты Соломкин Виталий мен аудан кәсіпкері Тарола Владимир атсалысып отыр.
– Туған жердің көркеюіне қосылған әрбір үлес – ел болашағына жасалған инвестиция. Ауыл тұрғындарының игілігіне бағытталған мұндай бастамалар аудан инфрақұрылымын дамытуға оң әсер етеді, – делінген Шарбақты ауданының әкімдігі берген ақпаратта.
Бұл – кәсіпкерлердің аудан инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған алғашқы бастамасы емес. Бұған дейін демеушілер Көлбұлақ ауылындағы қиыршық тас төселген жолды қалпына келтіріп, елді мекен ішіндегі екі шақырым жолды ретке келтірген.
Шарбақты ауданында әлеуметтік маңызы бар нысандарды дамытуға бағытталған осындай қайырымдылық жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады.