Павлодар облысында қай салалар бойынша бос орындар көп?

Қалада кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шараға облыстың отыз ірі кәсіпорны мен орта, шағын бизнес өкілдері қатысты.
– Жәрмеңкеге мемлекеттік грант алған жас кәсіпкерлер де қатысып жатыр. Олар өнімдерін таныстырып, жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігіне ие болды, – деді облыстық еңбек мобильділігі орталығы басшысының орынбасары Қазбек Жомартов.
Оның айтуынша, мұндай шаралар арқылы бірден жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары. Көп жағдайда кандидаттар тікелей жұмыс берушімен сұхбаттасып, орнында шешім қабылдайды.
– Жұмыссыздық деңгейі облыста шамамен төрт пайыз, ал жастар арасындағы жұмыссыздық екі пайыз шамасында. Бұл — оң көрсеткіш, – деп атап өтті Қазбек Жомартов.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, өңірде металл жонушы, слесарьлар және металлургтер сынды жұмысшы мамандықтар сұранысқа ие.
– Өңдірістік қала болғандықтан, мұндай салаларға сұраныс жоғары. Ал егер өзге салаларды алып қарасақ, онда мұғалімдер, дәрігерлер және құрылыс мамандарына тапшылық бар, – деді ол.
Жас түлектермен жұмыс, арнайы оқу орындарында кездесулер, әлеуметтік желілерде жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға бағытталған ақпараттық жұмыстар кең көлемде жүргізілуде.
Жәрмеңкеге өңіріміздің ірі кәсіпорны ERG де қатысты. Сервис орталығының рекрутері Гүлмира Абикееваның сөзінше, қазір мекемеге жұмысшы қызметкерлер керек.
– Бізге электромонтер, дәнекерлеуші, слесарь-сантехник, жөндеу слесары, жол монтері сынды мамандар қажет. Сонымен қатар, бізге «Сервис» ЖШС компаниясына асхана қызметкерлері – аспаз, дәнекерлеуші, слесарь-электрик және ас үй жұмысшылары қажет, – деді ол.
Рекрутердің пайымдауынша, тәжірибесі бар мамандарға басымдық берілгенімен, жұмысқа қабылдауда әр кандидатқа жеке тәсіл қолданылады. Қажетті білім мен біліктілік болмаса, корпоративтік университетте оқыту мүмкіндігі қарастырылған. Ал оқу мен тәжірибеден соң жұмысқа орналастыру қарастырылады. Орташа еңбекақысы 300 мың теңгеден басталады.
– Бізде өзіміздің арнайы job.erg.kz платформамыз бар. Ол HeadHunter қосымшасына ұқсайды. Бос орындар болған тұста, зауыт алдымен талапкерлерді сол жерден таңдайды. Сондықтан да сол жерге резюмелерді қалдырған тиімді, – деп бөлісті Гүлмира Абикеева.
Шараға қатысушылардың қатарында «Жан-Дос KZ» ЖШС диірмен кешені бар. Қазіргі уақытта мекеме 10-15 қызметкер іздеп жатыр.
– Кәсіпорынға фасовщиктер, кочегарлар, аула сыпырушылар, тәжірибесі бар диірменшілер мен операторлар қажет. Сондай-ақ күзетшілер керек. Біз үшін ең маңыздысы – жұмыскерлердің адалдығы, ұқыптылығы мен жауапкершілігі, – деді кешеннің заңгері Баян Жанагулова.
Жұмыс беруші тарапынан қызметкерлерге «Спарта» фитнес орталығы, тегін тамақтану мен тасымал секілді әлеуметтік қолдаулар көрсетілген.
– Техникалық қызметкерлер кейсін қарайтын болсақ, олар 160–180 мың теңге аралығында жалақы алады. Айта кетейін, бізде әлеуметтік пакеттердің барлығы қарастырылған, – деді кәсіпорын заңгері.
Еңбек заңнамасына сай мекеме жас бойынша шектеулер қоймайды.
– Бізге жастар, егде жастағы адамдар да келеді. Алайда, көбі жұмыс процессімен танысқанда бойда басым бөлігі бас тартады. Жұмыс оңай емес, төрт қабатты диірменде жұмыс жасау физикалық дайындықты талап етеді, – деді ол.
Бос жұмыс жәрмеңкесі көрсеткендей өңірде қызмет орындар бар екенін көрсетті. Енді тек қана ынтасы бар азаматтар қажет.
Фото: автор