Железинде эндокринолог жоқ
Жергілікті тұрғындардың бірі облыс әкімі Асайын Байхановпен кездесуде эндокринолог маманының жоқтығына қатысы мәселені көтерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
– Біздің Железин аудандық ауруханада эндокринолог жоқ. Мен екінші топтағы мүгедек болғандықтан, қалаға жиі баруыма тура келеді. Анам менімен бірге тұрады. Жасы 74-те. Оны жалғыз тастап кету қиынға соғады, – деп ауыл тұрғыны көзіне жас алды.
Бұл мәселеге қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов ауданда кадрлар тапшылығы мәселесі бар екенін жасырмады.
– Штаттан тыс мамандар аудандарда қабылдау жүргізіп тұрады. Тереңкөл және Железинде шамамен 68 адамды тексерді. Оның ішінде эндокринологтар да болды. Біз бұл тәжірибені әрі қарай жалғастырамыз. Сондай-ақ жылжымалы медициналық кешен де Железин ауданына қызмет көрсетеді, – деді Айдар Сейітқазинов.
Өңірдің бас дәрігерінің айтуынша, биыл аймаққа 58 тар саланың маманы келеді, алайда олардың арасында эндокринологтар жоқ. Келешекте бұл санаттағы дәрігерлерге 50 грант бөлу жоспарланып отыр.
Облыс әкімі Асайын Байханов әйел адамға бұл мәселе ауданда шешімін таппай жатса, облыс орталығында мамандардың нақты шешімін табуға көмек көрсететіндігіне уәде берді.