Павлодар облысында қоныстандыру жұмыстарын қарқынды жүргізу қажет
Аймақ басшысы қоныстандыру бағдарламасының тиімді тұстарын айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Асайын Байханов халықты жұмыс күші көп аймақтардан жұмыс орындары тапшы аймақтарға көшіру бағдарламасы демографиялық мәселелерді шешуге көмектесетінін атап өтті.
– Облыста қоныстандыру жұмыстарын қарқынды жүргізу қажет. Біздің өңір – жұмыс күші тапшы аймақ, бізде жұмыссыздық деңгейі өте төмен, бос жұмыс орындары көп, сондықтан бұл бағдарлама бізге көмектеседі, – деді Асайын Байханов. – 2023 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін облысқа 6,5 мың адам көшіп келсе, оның 300-ге жуығы қайтадан өз жерлеріне оралды.
Облыс әкімінің айтуынша, өңір экономикалық өсімнің жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Сондықтан жұмыс күшіне деген қажеттілік те артып келеді. Қоныстандыру бағдарламасы демографиялық теріс сальдоның орны мен ауылдарды қоныстандыруға көмектеседі.
– Павлодар облысы – урбанизациясы жоғары аймақ: тұрғындардың 71 пайызы – қала тұрғындары, небәрі 29-ы ауылда тұрады. Ауылдарда орта есеппен 300-ге жуық адам тұрады. Жамбыл немесе Түркістанмен салыстыратын болсақ, ауылдарда орташа есеппен 3000-4000 адам тұрады, –дейді әкім.
Осыған байланысты облыс ауылдарында шағын жинақты мектептер мәселесі бар. Оңтүстіктен солтүстік өңірлерге көшіру бағдарламасы да бұл мәселені шешуге септігін тигізеді.