Павлодар облысында қора тазалап жүрген ауыл тұрғыны оқ-дәрілер тауып алды
Шарбақты ауданының тұрғыны 1400-ге жуық оқ-дәріні ерікті түрде бірден полицияға тапсырды, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған факті тіркеліп, баллистикалық сараптама тағайындалды. Ауыл тұрғыны 2023 жылғы 30 маусымда бірнеше жыл бұрын Шарбақты ауылында сатып алған үйдің қорасын тазалау кезінде патрондарды тауып алған.
– Республикалық акция барысында халықтың атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды ерікті түрде тапсыру жөнінде тұрғындардан 60 өтініш түсті, 63 бірлік қару қабылданды: оның ішінде 54 бірлік тегіс ұңғылы қару, 5 бірлік ұзын ұңғылы мылтық қаруы, 3 бірлік қысқа ұңғылы мылтық қаруы және мылтық қаруына 16370 патрон. Барлық тапсырылған қарулар криминалистикалық сараптамадан өтеді, – деп атап өтті Павлодар облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Әлімбаев.
Комиссия 4 млн 878 мың 050 теңге сомасына 56 шешім қабылдады. Төрт өтініш бойынша ақшалай сыйақы төлеуден бас тарту туралы шешім қабылданды, өйткені бір тегіс ұңғылы қару жоғалған ретінде есепке алынған. Сарапшының қорытындысына сәйкес үшеуі атыс қаруы болып табылмайды. Қаржыландырудың жалпы сомасы 5 млн теңгені құрады.