Павлодарлық студенттер кондитерлік шеберлік бойынша бақ сынасты
Чемпионатқа алты білім алушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар сервис және тамақтану колледжі базасында «WorldSkills Pavlodar-2026» өңірлік чемпионаты «Кондитерлік іс» құзыреттілігі бойынша өтті. Байқауға Павлодар, Екібастұз, Ертіс, Ақтоғай және Успен аудандарынан келген колледж студенттері қатысты.
– Бұл чемпионат студенттер үшін үлкен тәжірибе алаңы. Олар тек білімдерін көрсетіп қана қоймай, халықаралық деңгейдегі талаптарға бейімделеді. Осындай жарыстар болашақ мамандардың кәсіби өсуіне жол ашады, – деді өңірдің бас сарапшысы, арнайы пәндер оқытушысы Ирина Пицина.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде– «Тәрелкедегі десерт» кезеңінде қатысушылар кез келген пішіндегі және құрамдағы құм тартпасының бір түрінен алты дана дайындап, оны «Төрт элемент» тақырыбына сай безендірді. «Антреме» сайысында екі бірдей жемісті десерт әзірленді. Ал үшінші турда – «Модельдеу» кезеңінде мастика қолданылып, «Төрт элемент» тақырыбын бейнелейтін екі бірдей фигура жасалды. Соңғы кезеңде модулінде қатысушылар шоколад пен нугатинді пайдаланып, негізгі элементтердің өзара байланысы мен бірлігін көрсететін тұтас көркем презентациялық мүсін ұсынды.
Чемпионатта шаһардың намысын қорғаған Дарья Крикунова өз әсерімен бөлісті.
– Бұл жарыс бізге үлкен тәжірибе берді. Әр тапсырмада өзімізді сынап, жаңа дағдыларды меңгердік. Шығармашылық бағыттағы кезеңдер ерекше әсер қалдырды, – деді ол.
Жеңімпаздарды марапаттау чемпионаттың жабылу салтанатында өтеді.
Еске сала кетейік, биыл жарыс 70 құзыреттілік бойынша өтеді. Оған облыстың 39 колледжінен 353 студент қатысады. Үздік қатысушылар Ертіс-Баян өңірін биыл қарашада Астанада өтетін республикалық кезеңде таныстырады.