Ертіс өзеніндегі фекалия туралы бейне-ролик шындыққа жанаспайды
Семей қаласында Ертістің нәжіспен ластануы туралы белгісіз біреу түсірген видеоға мамандар ресми түрде жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Павлодар-Водоканал» ЖШС зертханасы бұрын бекітілген жоспар мен кестеге сәйкес Ертіс өзенінің суын іріктеу және талдау жұмыстарын жүргізеді.
– Компания суды сүзу (көп сатылы тазарту) және дезинфекциялау бойынша барлық қажетті шараларды жүйелі түрде жүргізеді. Әр сағат сайын ауыз су сынамасы алынады. «ПВК» ЖШС қызмет көрсететін сумен жабдықтау желілеріндегі судың сапасы санитарлық қағидалар мен нормалар стандарттарына толығымен сәйкес келеді, – деді кәсіпорынның баспасөз орталығында.
Сонымен қатар, сумен жабдықтау көздерінің санитарлық-қорғау аймақтарының шекаралары қатаң сақталады. Тазарту қондырғыларында да залалсыздандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде.
Кәсіпорын азаматтардан тек ресми ақпаратқа сенуді сұрайды.
Естеріңізге сала кетейік, бейне-ролик әлеуметтік желілерде ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің Павлодар облысына жұмыс сапары қарсаңында пайда болды. Роликтің авторы моторлы қайықтың жанынан өтіп бара жатқан қалдықтарды көрсетті.