Павлодарлық инженер табандарынан айырылған мысыққа 3D принтерде арба жасады
Лаки лақап атты мысықтың қалай жарақат алғаны белгісіз, алайда жануар мейірімді жандардың қамқорлығына түскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Шілденің ортасында облыс орталығының тұрғыны Алёна Шаудербаева жаралы, халі мүшкіл мысықты өз үйіне алған. Ол «Сердца Павлодара» қоғамдық қорына арасында барып тұрып, панасыз қалған жануарларға қол ұшын созатынын айтады.
– Жас жігіттер қаланың сыртына белгісіз біреу тастап кеткен жаралы мысықты тауып алып, қорға жеткізген. Мысықтың омыртқасы сынған, сол себепті артқы табандарын баса алмай жерде жатқан, – деді қала тұрғыны.
Оның сөзінше, 1,5-2 жастағы мысықтың лақап аты Лаки деп бекер қойылмаған.
– Жол-көлік оқиғасы немесе ұрып-соғу фактісі болғанын нақты айта алмаймыз. Алайда, мысықты қиын жағдайда трассаға лақтырып кеткені айдан анық. Жануар ауылдан, қаладан алыс жерге өз бетінше қашып, жүгіре алмайды. Қандай оқиға болса да, адамдар кішкене болса да жанашырлық танытса ештеңе кетпейді. Ал, әдейі жануарға жарақат салған адамдарды мүлдем түсінбеймін. Зардап шеккен мысық немесе итті байқағандар кем дегенде еріктілер мен ветеринарлық клиникаға апаруға болады, – деді Алёна Шаудербаева.
Бүгінде мысыққа ота жасалып, артқы табандарынан айырылған. Дегенмен, жануар жүретін болады. Бұл мәселені қайырымдылық танытқан аддитивті инженер Иван Могер шешіп берді. Ол әлеуметтік желіде мысық туралы таралған оқиғаны байқап, көмек көрсетуді жөн көрген. Нәтижесінде павлодарлық инженер мысыққа арнайы арба жасаған.
– Ота сәтті түрде аяқталмаған жағдайда менің көмегім мысықтың пайдасына жарап қалар деп ойладым. Бұған дейін осындай екі арбаны тапсырысқа жасаған едім. Ал бұл жағдайда мен тегін түрде жұмысқа кірістім. Арбаның сызбасын, моделін жасауға бір-екі апта кетті, ал дайындаудың өзіне бір апта уақыт өтті,– деді Иван Могер.
Инженердің сөзінше, арбаның дайындау технологиясы жануардың анатомиясына тығыз байланысты болады.
– Мысықтың түрі әркелкі болып жатады. Сол себепті осындай нәрселер жекелей арнайы дайындалып, жасалады. Компьютерде мысықтың өлшемдері келтіріледі де, арба пластмассадан жасалған серпімді полимерлерден 3D принтерде басып шығарылады, – деді Иван Могер. – Басында мысық жаңа арбаға үйреніседі, ыңғайсыз болуы да мүмкін. Алайда жорғалаудан гөрі кәдімгідей жүргені артық.
Басып шығарылған материалдар биологиялық тіндермен, сұйықтықтармен әрекеттеспейді, өзі зиянды токсиндерді бөліп шығармайды. Бүгінде арба дайын және мысықтың жаңа иесі Алёна Шаудербаеваға берілді. Енді арбаны кигізу үшін бандаж тігу керек. Содан кейін ғана мысық емін-еркін жүріп, жүгіреді.
– Арба үшін алғысымыз шексіз. Мысығымызға дәл келді. Бандаж тігу үшін ательеге бардық. Бір-екі күннен кейін арбаны байлауға мүмкіндік туады. Болашақта Лакиді тағы бір ота күтеді, – деді Алёна Шаудербаева.
Алёна үйінде Лакимен бірге 32 мысық ұстайды. Жануарлардың барлығы жаралы күйінде түскен: бірін лақтырса, енді біреуін балалар ұрып-соққан. Алёна павлдарлықтарды жануарларға қатыгездік танытпай, қамқорлықпен қарауға шақырады.