Павлодар облысында өкпе артериясының бітелуінен өлім-жітім екі есеге жуық азайған

Павлодар облысында өкпе артериясының бітелуінен өлім-жітім екі есеге жуық азайған
Фото: Константин Шелков

Өңірде соңғы екі жылда тромбемболиясы – өкпе артериясының бітелуіне 40-тан астам операция жасалған, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облыстық кардиологиялық орталығы созылмалы жүрек жетіспеушілігі бөлімінің кардиолог дәрігері Ақерке Ақылжанова мәлім етті. 

– 2020-2022 жылдары болған пандемияның жүрекке әсерін сезіп жатырмыз. Мұндай науқастар жиірек кездесе бастады. Пандемияға дейінгі науқастар мен қазіргі науқастарды емдеу кішкене күрделілеу болып барады. Өйткені пандемия кезіндегі вирус көбінесе кардиотропты жүрек қантамыр жүйесін жиі зақымдайды. Соның  салдарынан қазір жүректің ишемиялық ауруы, артериалды қан қысымы және де соңғы уақытта бұрын сирек кездесетін өкпе артериясының тромбемболиясы жиі кездесе бастады, – деді Ақерке Ақылжанова. 

Ақ желеңдінің айтуынша, бұрын айына тромбемболия – өкпе артериясының бітелуі бойынша бір-екі науқас  жүгінсе, қазіргі таңда аптасына үш-төрт адам түседі. Бұрын аталмыш аурудан 70 пайыздан астамы өлім-жітіммен аяқталған. 2020 жылдан бастап орталықта Қазақстанның басқа облыстарында жасалмайтын технологиялардың жаңа әдістерін қолдана отырып, жедел жағдайда операция жасалынады. Десатурация, тұрақсыз гемодинамика, сол жақ артерияның негізгі субсегменттік сегменттерінің аплизиясы болғанда ашық жүрекке ота тағайындалады.  Соңғы екі жылда мұндай 40-тан астам операция жасалып, өлім-жітім 40 пайызға төмендеді.

Облыстық кардиологиялық орталықта жүректің ишемиялық ауруы, жүректің жүре пайда болған және туа біткен ауруларында және де жүрек ырғағының бұзылыстары, созылмалы жүрек жетіспеушілігі бар науқастарға әртүрлі ота жасалады.  

Маманның айтуынша, өңірде ең көп таралған жүрек аурулары – артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы және жүрек соғысының бұзылуы. Сондай-ақ, созылмалы жүрек жеткіліксіздігімен ауыратындар да өте жиі кездеседі.  Яғни, бұл – инфаркттан кейінгі науқастар, ковидтен кейін миокардпен ауыратындар. 

2022-23 жылдары медициналық көмек көрсетуді жетілдіру бойынша өңірде созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарды емдейтін 12 кабинет ашылды.  Ал былтыр желтоқсанында тағы сегіз кабинет қосылған. Жауапты адамдар тағайындалып, профилактика жүргізіледі. 

– 2023 жылы аталмыш кабинетте 9500 адам қаралды, оның ішінде алғаш рет созылмалы жүрек жеткіліксіздігімен ауыратын1991 адам анықталды. Қазірдің өзінде жүрек трансплантациясына дайындалып жатқан 24 ауыр науқастар бар, – деді спикер. 

Биыл жүректің ишемиялық ауруы сырқаттанушылықтың 10 пайызға, инфаркттың 28 пайызғаға төмендеуі байқалады. Бұл ретте ишемиялық ауруы сырқаттанушылықтан өлім-жітім 14 пайызға, ал инфаркттан өлім-жітім 25 пайызға азайды. Ишемиялық ауруы сырқаттанушылықтың  жиілігінің жоғарылауы ерте анықталумен байланысты.  Яғни, қазір ауруды анықтайтын көптеген диагностикалық әдістер бар. Бұл – КТ, холтер мониторингі, тредмил сынағы. Егер онда өзгерістер байқалса, диагностикалық коронарангиография жасауға  жіберіледі. Онда қосымша зерттеулер жүргізіліп, қажет болған жағдайда ашық жүрекке операция жасалады. 

– Мұндай жағдайларда ең бірінші жүрек тұсында ыңғайсыздық, ауырсыну сезімдері пайда болуы мүмкін. Көбінесе ауырсыну жүректің тұрақты стенокардиясымен басталады. Оған науқастардың көбі мән бермей жүре береді. Ауыр көтергенде немесе психоэмоционалды  күйзеліс болған кезде жүрек тұсы қысып, шаншу, батып ауырсыну пайда болады және ол ауырсыну арқаға немесе қолға берілуі мүмкін. Бір-екі минутқа ғана созылады, – деді кардиолог дәрігер. 

Сонымен қатар, кейбір науқастарда ауа жетпей, тынысы тарылып, мойын қысылуы сияқты симптомдар болуы мүмкін. Осындай белгілер пайда болатын болса, онда дереу кардиолог мамандарына қаралған жөн.

Бұл ретте, дәрігер тек электрокардиография, эхокардиографиядан өту жеткіліксіз екенін айтып, ары қарай тереңірек тексерістен өту керек екенін ескертеді. 

Айта кетерлігі, жүрек ауруы, яғни инфаркт, егер бұрын көбінесе 50 жастан асқан адамдарда кездессе, қазір 25-30 аралығындағы және 40 жастан асқан адамдарда да жиі кездеседі.