Павлодар облысында өнер, ойын-сауық қызметкерлері ең төмен жалақы алады
Бұл – облыс бойынша орта көрсеткіштен 49,2%-ға төмен, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық статистика департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылғы қаңтар-маусымдағы облыстың кәсіпорындарындағы бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 313937 теңгені немесе 2022 жылдың сәйкес кезеңіне 121,3% құрады.
– Ең төмен жалақы өнер, ойын-сауық және демалыс саласының қызметкерлерінде – 159459 теңге. Бұл – облыс бойынша орта көрсеткіштен 49,2%-ға төмен, – деп жазылған хабарламада.
Сала құрылымында ең жоғарғы жалақы тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 513990 теңге (орташа облыстық деңгейден 1,6 есеге асты), қаржы және сақтандыру қызметінде – 388963 теңге (1,2 есеге) белгіленді.
Аумақтық бөліктегі ең жоғары жалақы Екібастұз қаласында – 376582 теңге. Ең төмен жалақы Май ауданының қызметкерлеріне есептелді – 224325 теңге.