Ақсуда жыл соңына дейін бесжылдық мәселенің шешімін табады
Аймақ басшысы Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ақсу қаласына барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, қаладағы жылу беру маусымы бойынша көшпелі жиналыс өткізді. Бірінші нысан құрылысы аяқталмаған Дөнентаев көшесі, 44 мекенжайындағы тұрғын үй болды. Ол ЖАО кезекте тұрғандарға Отбасы банкінің бағдарламалары бойынша іске асыруға арналған. Көпқабатты үйдің құрылысы 2022 жылы басталғанына қарамастан, нысанның құрылысы әлі аяқталмаған.
Өңір басшысы құрылыс алаңында ахуалға талдау жасап, жергілікті билікке 10 желтоқсанға дейін нысанның құрылысын аяқтау және пайдалануға беру жөніндегі нақты жоспарды ұсынуды тапсырды. Сондай-ақ, облыс әкімі ауданы 3,7 мың шаршы метр болатын мұз аренасының құрылысын тексерді.
Жаңа спорт нысаны қысқы спорт түрлерімен айналысатын балалардың санын 350-ге дейін ұлғайтып, жыл бойы мұзда жаттығу өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазір нысанда барлық жоспарланған құрылыс-монтаждау жұмыстарының 95% орындалды, инженерлік желілер жүргізіліп, аумағы абаттандырылды.
Одан кейін Үштерек, Алғабас, Еңбек және Пограничник ауылдарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын аяқтау мәселелері қаралды. Аталмыш нысандар бойынша алынған міндеттемелерін мерзімінде орындамауына байланысты мердігерлерді жосықсыз деп тану бойынша талап-арыз жұмыстары басталды. Осы жобаларға жан-жақты аудит жүргізу және жоғарыда аталған төрт нысанды 2025 жылы аяқтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ, өңір басшысы ERG меморандумы аясында демеушілік қаражат есебінен іске асырылып жатқан Астана, Ленин, Әуезов көшелеріндегі жарықтандыру жүйесін қайта жаңарту бойынша жұмыстардың барысын тексерді.
Бүгінгі таңда қуаты 148 Вт болатын 359 металл тіректер мен 343 шамдарды орнату жұмыстары аяқталды, шамамен 10 км кабель ауыстырылды. Қалалық саябақта, орталық жағалауда, сондай-ақ, Доспанов көшесінде 40 тірек пен шамды орнату жұмыстары жүргізілуде. Барлық жұмыс көлемін 2024 жылдың 15 желтоқсанына дейін орындау жоспарлануда.
Ақсу қаласының су тазарту құрылыстары цехының электрмен жабдықтау желісін реконструкциялау жұмыстары да аяқталуда. Бұл қаланың сумен жабдықтау желісіндегі қысымның төмендеуін болдырмау үшін электрмен жабдықтаудың резервтік желісін енгізуге мүмкіндік береді және су қабылдау станциясы сорғыларының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Жобаны іске асыру соңғы 5 жылда пайда болған жүйелі мәселелердің бірін шешуге мүмкіндік береді.
Асайын Байханов барлық жұмыстарды ағымдағы жылдың 25 желтоқсанына дейін аяқтауды тапсырды. Қаланы аралау соңында облыс әкімі қазандыққа барып, Ақсу қаласының барлық коммуналдық қызметтерінің қатысуымен кеңейтілген жиналыс өткізді.
– Барлық 265 көпқабатты тұрғын үй мен 44 әлеуметтік нысандарға жылу 16 қыркүйекте берілгенімен, осы уақыт ішінде Ақсу қаласының тұрғындарынан ыстық сумен қамтамасыз ету және жылудың жетіспеушілігі бойынша көптеген шағымдар келіп түсті. Бұған жол берілмейді және біз оны қазір бірге анықтаймыз, – деді облыс әкімі.
Қазіргі уақытта жылу энергетикасы мамандарын тарта отырып, қаланы жылумен жабдықтаудың гидравликалық параметрлерін теңестіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, облыс әкімі ағымдағы жылу беру маусымы аяқталғанға дейін Ақсу қаласының жылумен жабдықтау жүйесіне жаңа тұтынушыларды қосуды уақытша шектеу туралы шешім қабылдады.