Өрт қауіпсіздігі: Павлодар облысында оннан астам тұрғын айыппұл төледі
Айыппұлдың жалпы сомасы 203 мың теңгені құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңірде 7-14 шілде аралығында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Орман» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД бастығының м.а. Қайрат Шаймарденов мәлім етті.
– Аталмыш кезеңде мобильді топтар құрылып, 124 профилактикалық рейдтік іс-шара өткізілді. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 11 бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Қайрат Шаймарденов.
Құқық бұзушылар ҚР ӘҚБтК 410-бабы және ӘҚБтК 367-бабы бойынша жалпы сомасы 203 мың теңге айыппұл төледі.
ТЖД қызметкерлері «Орман» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде туристік базалардың, қонақ үйлердің, демалыс үйлерінің, пансионаттардың, сауықтыру лагерьлерінің, балалардың жазғы демалыс орындарының иелерімен және қызметкерлерімен әңгіме жүргізді.