Павлодарда сарбаздардың жақындары әскери бөлімдегі өмірмен танысуға мүмкіндік алды
Абай, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстарынан елуге жуық ата-ана ұлдарының қандай жағдайда әскери борышын өтеп жатқанын көріп, қайтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодардағы 6679 әскери бөлімінде «Әскер – ата-ана көзімен» атты акция өткізілді. Аталған іс-шараға әскери ант қабылдап, бір жыл түзеу мекемелерін күзететін сарбаздардың жақын туыстарына әскери бөлім аумағында арнайы экскурссия ұйымдастырылды. Олар балаларының қандай қызмет етіп, қай жерде тамақ ішіп, қандай киім киетінін өз көзімен көрді.
Әскери бөлім командирі, подполковник Аманжол Айтенов топ бастаған бірқатар офицерлер әскери техника, асхана, казармадағы жатын орындарымен таныстырып, әскери киім-үлгісі көрмесін өткізді.
– Жалпы біз мұндай шараларды жиі өткізуге тырысамыз. Себебі, өмір бойы қасында бағып өсірген баласының бір жылға әскерге жіберетін ата-ана уайымға салынатыны сөзсіз. Оларды алаңдататын сұрақтарға әскери ант қабылдау алдында немесе ант қабылдау барысында жауап беруге тырысамыз. Бұл тек сөз жүзінде ғана емес, ата-аналары өздері келіп, барлық жағдайды өз көздерімен көрулеріне барлық жағдай жасаймыз,– дейді 6679 әскери бөлім командирі, подполковник Аманжол Айтенов.
Сонымен қатар, сарбаздарды әскерге тез бейімдеуге көмектесетін арнайы әскери психологтармен таныстырып, сырқаттанған жағдайда жанынан табылатын әскери медицина қызметкерлерінің жұмысы туралы айтылды. Бөлім командирі ата-аналарға ұлдарының ел тыныштығын қамтамасыз ету жолындағы маңызды жауынгерлік міндетті атқаратынын, қарауыл қызметінде сақшылық міндеті жүктелетіні жайында толық ақпарат берді.