Павлодар облысының үздік учаскелік инспекторлары анықталды

Қатысушылар атыс және дене шынықтыру дайындығы, сондай-ақ заңнамалық актілерді білу деңгейі бойынша бағаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қызметтік тиімділікті арттыру және полиция қызметкерлерінің, оның ішінде учаскелік инспекторлардың имиджін көтеру мақсатында «Мамандығы бойынша үздік» облыстық байқауы өткізілді.
Байқауға қатысушылар қалалық және ауылдық жерлердегі полицияның үздік учаскелік инспекторы, сондай-ақ қалалық және ауылдық жерлердегі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полицияның үздік учаскелік инспекторы атағы үшін жарысты. Конкурсанттар атыс дайындығын, қызметтік іс-әрекетті реттейтін нормативтік құқықтық актілерді білуін және дене шынықтыру даярлығын көрсетуге тиіс болды.
Сонымен қатар, қатысушылар тұрғындардың сенім деңгейі, азаматтардың өтініштері мен шағымдарын уақтылы қарау, халықпен және қоғамдық құрылымдармен атқарылған жұмыстар сияқты критерийлер бойынша бағаланды.
Байқау нәтижесі бойынша «Қалалық жердегі полицияның үздік учаскелік инспекторы» атағын Павлодар қаласы ПБ учаскелік полиция инспекторы Азат Оразалин иеленді. «Қалалық жердегі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полицияның үздік учаскелік инспекторы» номинациясы Ақсу қаласының ювеналды полиция тобының инспекторы Айнагүл Ахметоваға бұйырды. «Ауылдық жерлердегі полицияның үздік учаскелік инспекторы» болып Тереңкөл ауданының аға учаскелік полиция инспекторы Қуаныш Жайлабаев танылды. Ал «Ауылдық жерлердегі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полицияның үздік учаскелік инспекторы» атағын Шарбақты ауданының ювеналдық полиция тобының аға инспекторы Дана Аязбаева жеңіп алды.
Жеңімпаздар 2025 жылдың 21-25 тамыз аралығында Тараз қаласында өтетін республикалық конкурсқа қатысады.