Павлодар облысының әкімі «Жеңіс» сөзінің астарында не барын айтты
Аймақ басшысы Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Бүгінгі ерлікке толы қастерлі күнді атап өтерде қысқа, бірақ, салмағы ауыр «Жеңіс» сөзінің астарында сарбаздардың батылдығы мен жанқияр ерлігі жатқанын еске аламыз. Ұлы Отан соғысының тарихында миллиондаған есім мәңгілікке жазылды, олардың арасында біздің де жерлестеріміз бар, – дейді облыс әкімі.
10 мыңнан астам павлодарлық ерліктері үшін түрлі жауынгерлік наградаларға ие болды. Облыстың 23 тұрғынына Кеңес Одағының батыры атағы берілсе, 8 адам Даңқ орденінің толық кавалері атанды.
Өкінішке орай, уақыт керуені жылжыған сайын сұрапыл соғыстың соқпағынан өткен жандар да азаюда. Бүгінде Павлодар облысында 7 ардагер ғана қалды. Олардың әрбірінің тағдыры - батылдықтың, мұқалмас ерік-жігердің, рух пен ерліктің үлгісі.
– Осынау айтулы мерекеде ең алдымен бейбітшілік, баршаңызға мықты денсаулық, ұзақ өмір, жақындарыңыздың қамқорлығы, бақыт пен жақсылық тілеймін, – дейді Асайын Байханов.