Асайын Байханов Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтады (ВИДЕО)
Бүгін аймақ басшысы Ертіс, Баянауыл аудандар мен Қалқаман кентіндегі ардагерлерге арнайы барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов өзінің Instagram парақшасында жазды.
- Бүгін менің ҰОС-ның ардагерлерімен кездесуім жалғасты. Хасенов Қайыр Хасенұлы, Московченко Василий Гаврилович және Носова Анна Петровна Қиыр шығыстан Батыс майданына дейінгі шайқастарға қатысқан. Ардагерлер соғыстың және соғыстан кейінгі жылдардың қиындықтарын көрсе де, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін жоғалтпаған, - деп жазды Асайын Байханов.
Мерекеге орай құттықтау сапарында аймақ басшысы Ертіс ауданындағы 100 жастағы Анна Носоваға барды. Осы бір сұрапыл соғыста әлемді, балаларды қорғау үшін әйелдер де қолдарына қару алуға мәжбүр болғанын, бұл ерлікті біз ұмытпауымыз керектігін еске салды.
Ғасыр жасаған Анна Носова небары 19 жасында зенит-атқышы болып Украина майданына шақырылған. Соғыстан кейін «Родина» колхозында 40 жыл еңбек етті. Қазір Анна Петровнаның 4 баласы, 14 немересі, 11 шөбересі және 2 шөпшегі бар. Облыс әкімі ғасыр жасаған ардагерге Жеңістің 80 жылдығын қарсы алуға тілек білдірді.
Одан кейін Асайын Қуандықұлы бүгінде 97 жасқа толған зеңбірекші Фин, Қиыр шығыс майдандарында соғысқан Қалқамандағы Василий Московченконың үйінде болды. Василий Московченко 17 жасында соғысқа аттанған. Ол Фин, 1-Қиыр шығыс майдандарындағы, Жапонияға қарсы соғысқа қатысты. II дәрежелі Отан соғысы орденінің иегері болып оралды, көптеген жауынгерлік медальдармен марапатталған. 2 бала тәрбиелеп өсіріп, 4 немере және 8 шөбере көріп отыр. Василий Гаврилович жұбайы Ольга Ивановнамен бірге көңіл бөлгендері үшін қонақтарға ризашылығын білдірді.
Осы жерде ауыл тұрғындарымен бірге ауған жауынгерлерінің жаңаша абаттандырылған саябағында ағаштар отырғызуға қатысты.
Баянауылдағы жалғыз ҰОС ардагері Қайыр Хасенов бүгінде 98 жаста. Қайыр Хасенұлы 17 жасынан бастап Батыс майданында, Қиыр Шығыста соғысқан. Житомирде ауыр жараланып, аман қалады. Жауынгерлік жолы Маньчжурияда аяқталды. II дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен, Жуковтың, Германияны азат еткені үшін және т. б. медальдармен марапатталған. Үш ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсірді.
Ақсақал өңір басшысына көңіл бөлгені үшін алғысын білдіріп, өскелең ұрпаққа тілегін жеткізді.
- Әлемді қорғаңдар - бұл бәріне қажет. Оның қандай бағамен келгенін естеріңде сақтаңдар, - деді майдангер.
Ардагерлермен кездесулер барысында Асайын Байханов әрбірінен қандай мәселелер толғандыратынын және қандай қажеттілік барын сұрады.
- Біз сіздердің алдарыңызда өлшеусіз қарыздармыз. Жеңіс үшін басымды иіп, алғысымды айтамын! Балаларыңыздың, немерелеріңіз бен шөберелеріңіздің жетістіктеріне қуанып, бақытты өмір сүріңіздер, - деді облыс әкімі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram