Павлодар облысының ауданында әлеуметтік нысандарды дамытуға басымдық беріледі

Павлодар облысының ауданында әлеуметтік нысандарды дамытуға басымдық беріледі
Фото: Константин Шелков

Бұл туралы өңір басшысы аудан тұрғындарымен өткен кездесуде айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Успен ауданында әлеуметтік және аудандық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. 

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту аудан жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Биыл облыстық бюджет есебінен Ковалевка және Успен ауылдарындағы үш мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Ал келесі жылы Тобылжан мектебін жаңғырту жоспарланып отыр.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ауданның аграрлық-техникалық колледжін жабдықтауға 50 миллион теңге бөлінді. Бұл оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік берді.

Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер бар. Ауданға 10 дәрігер келіп, бес ауылда заманауи медициналық пункттер салынды. Олар Қызылағаш, Ковалевка, Тимирязево, Қозыкеткен және Қаратай ауылдарында бой көтерді. Барлық ауылдық округтерде санитарлық көлік толық жаңартылып, медициналық жабдықтар кезең-кезеңімен жаңғыртылуда. Сонымен қатар, келер жылы Қоңырөзек ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салу жобасы іске асырылады. Бұл мәселе тұрғындар тарапынан бірнеше рет көтерілген болатын.

Биыл жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Онда дзюдо, баскетбол, волейбол, күрес және бокс секциялары ашылған. Сондай-ақ Успен ауылында алғаш рет бассейн салынуда. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын, алдағы уақытта кәсіби жаттықтырушыларды іріктеу және барлық жас санатына қолжетімді жұмыс кестесін бекіту жоспарланып отыр.

Мәдениет саласында келесі жылы Қызылағаш ауылындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізіледі. Ал тұрғын үй бағытында биыл аудан бойынша кезекте тұрған азаматтарға 24 пәтер сатып алынып, кезек 14 пайызға қысқарды. Бұл тәжірибе алдағы уақытта да жалғасын табады.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуда жергілікті кәсіпкерлер мен аудан тұрғындарының үлесі де ерекше атап өтілді. Атап айтқанда, Александр Касицынның қолдауымен жаңа сквер салынып, Галицкое ауылында жұмысшыларға арналған пәтерлер берілді. Ал Жоламан Мусабеков ауылдарды абаттандыру бағытында демеушілік көмек көрсетіп келеді.

Аудан инфрақұрылымын жақсарту бағытында биыл бюджет есебінен 8,8 шақырымды құрайтын бес ауылішілік жол жөнделіп, үш балалар және спорт алаңы орнатылды. Келесі жылы Успен ауылындағы Тәуелсіздікке 10 жыл, Шевченко және Наукен көшелерін жөндеу жоспарланған. Ауылдарға кіреберіс жолдарды асфальттау жұмыстары толық аяқталды.

Сонымен қатар, ауданның төрт ауылында заманауи су блок-модульдері орнатылып, нәтижесінде аудан халқы 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етілді. Жалпы келесі жылы ауданның дамуына облыстық бюджеттен 1,2 миллиард теңге қарастырылған.

Айта кетейік, бүгінде барлық 20 ауыл 3G және 4G интернетімен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылы Белоусовка және Богатырь ауылдарындағы желілерде интернет байланысын күшейту үшін 4G жабдығы орнатылды. Осыған ұқсас жабдықтарды Таболжан ауылына қосымша орнату жоспарланып отыр.