Екібастұз футболы жаңа тыныс алуы мүмкін

Екібастұз футболы жаңа тыныс алуы мүмкін
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұзда жаңа спорт кешенінің құрылысы басталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңір басшысымен өткен кездесуде жабық футбол манежінің қажеттілігі мәселесін екібастұздық спорт жанашыры Әлібек Қуанышев көтерді. Оның айтуынша, қалада суық мезгілде кәсіби спортшыларға да, әуесқой футболшыларға да арналған алаң жетіспейді.

– Биыл көктемде Екібастұзда ірі спорт кешенінің құрылысын бастаймыз, – деді Асайын Байханов. – Қазір жер телімі анықталды, жобаның құны шамамен 20 миллиард теңге, ол мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Оң қорытындыны күтеміз. Қалада «Жасыбайдан» басқа лайықты спорт нысандары аз. Жаңа кешен жобасында жасанды жабындысы бар футбол алаңы қарастырылмаған. Алайда жабық манежге нақты сұраныс болса, біз оны міндетті түрде саламыз – қаржыландыру қайдан болатыны маңызды емес.

Облыс әкімі қала әкімі Аян Бейсекинге манеж салуға қолайлы жер телімін анықтауды тапсырды. Сонымен қатар өңір басшысы бұл жобаға инвестиция салуға дайын кәсіпкерлерді тартуға уәде берді.

– Ешкім мәңгі емес, сондықтан артымызда елге пайдалы іс қалдыруымыз керек. Бұл істе қаражаты бар, халықтың өміріне бейжай қарамайтын адамдарға жүгінеміз. Қай елге, қай демалыс орнына ұшатының емес, туған жерің үшін не істегенің маңызды, – деді Асайын Байханов.

Айта кетейік, 2025 жылдың қазан айында Екібастұзда Қазақстан футбол федерациясының ALAN жобасы аясында 15-ші толық өлшемді футбол алаңы ашылған болатын. Нысан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің базасында пайдалануға берілді.

Екібастұз – Павлодар облысындағы футбол кадрларын даярлайтын ірі орталықтардың бірі. Бұл өңірде Дмитрий Шомко, Руслан Гумар және Виталий Спарышев сынды белгілі футболшылар шыққан.