Павлодар облысының тұрғындарына алыс жолға шықпауды ескертеді

Павлодар облысының тұрғындарына алыс жолға шықпауды ескертеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ауа райының күрт нашарлауына байланысты барлық көлік түрлері үшін қозғалыс шектелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Ақмола және Қарағанды облыстарындағы қолайсыз ауа райына (қар, қатты жел, тайғақ) байланысты Павлодар облысында төрт бағыт бойынша барлық көлік түрлерінің қозғалысы тоқтатылды. Жолдарда полиция мен Төтенше жағдайлар департаментінің бекеттері орнатылып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Қозғалыс келесі бағыттар бойынша жабылды:

  • Астана-Ерейментау-Шідерті республикалық маңызы бар автожолының Шідерті елді мекенінен Ақмола облысының шекарасына дейінгі учаскесі;
  • Қызылорда-Павлодар-Успенка-Ресей республикалық маңызы бар автожолының Атамекен елді мекенінен Шідерті елді мекеніне дейінгі учаскесі;
  • Қызылорда-Павлодар-Успенка-Ресей республикалық маңызы бар автожолының Шідерті елді мекенінен Қарағанды облысының шекарасына дейінгі учаскесі;
  • Беловка-Қалқаман облыстық маңызы бар автожолының учаскесінде қозғалыс жабылды.

Сонымен қатар, 22 қаңтар күні өңірде дауыл туралы ескерту жарияланды.

Қар, боран, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетіп, екпіні 23-28 м/с-қа дейін күшеюде. Ауа температурасы 10-15°C-қа дейін күрт төмендеп, облыстың батысында 18°C-қа дейін аяз болады. Кейін температураның одан әрі төмендеуі күтілуде.

Ауа райының қолайсыздығы мен жолдардың жабылуы туралы толық ақпаратты тұрғындар «Дәрмен» қосымшасынан ала алады.