Павлодар облысының 200-ге жуық ауылы қайта жаңғырады
Бүгінде «Ауыл – ел бесігі» жобасының игілігін ауылда тұратын 100 мың адам көруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде сөйлеген облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук жобаның жүзеге асырылуымен таныстырды.
Жобаға облыстың барлығы 191 перспективті ауылы енген, онда 189 адам тұрады. 2019-2022 жылдар аралығында өңірде жалпы саны 112 адам тұратын 66 ауыл модернизацияланды.
- «Ауыл – ел бесігі» аясында 11 спорт объектісін, төрт ауылдық мәдениет үйін, дәрігерлік амбулатория ашуға, мектептер, мәдениет үйлері мен балабақшалар секілді 82 әлеуметтік объектісін күрделі жөндеу жүргізуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, 298 шақырым кентішілік жолға асфальт төсеу және қашықтығы 65 шақырым көшені жарықтандыру жүргізуге жол ашты, - деді спикер.
Биыл жоба 26 ауылда жүзеге асырылады. Оған 10 млрд теңге бөлінді. Ирина Назарчук жобаға енген ауылдардың көбі қай ауданнан екендігі туралы баяндады. Мысалы, «Ауыл – ел бесігіне» Павлодар ауданының 24 ауылы қатысса, Ертіс ауданының 13, Ақтоғай ауданының 11 елді мекені енді. Екібастұз ауылдық аймағынан төрт ауыл кірген.
Фото: Константин Шелков