Павлодар облысында ауылдарға кіреберіс жолдардың барлығы 2027 жылы жөнделеді
Жөндеуді қажет ететін төрт нысан ғана қалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Соңғы үш жылда өңірде жалпы ұзындығы 300 шақырымға жуық 91 кіреберіс жол жөнделді.
Павлодар облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Фархат Оспановтың айтуынша, ірі ауылдық елді мекендерге кіреберіс жолдарды жаңғырту жобасы төртінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді.
– 2023–2025 жылдар аралығында өңірде жалпы ұзындығы 297 шақырым болатын 91 жол жөнделді. Биыл ауылдық елді мекендерге апаратын тағы 17 учаске жаңартылуда. Олардың жалпы ұзындығы 21 шақырымды құрайды. 2027 жылы тағы төрт нысан іске асырылады. Осыдан кейін бұл бағыттағы жұмыс толық аяқталады, – деп хабарлады Фархат Оспанов.
Спикердің айтуынша, жобаға тұрғындар саны 300 адамнан асатын ауылдар енгізіледі.
Айта кетейік, ауылдық елді мекендерге апаратын жол инфрақұрылымын жаңарту әкімдіктердің ерекше бақылауында. Бұл ретте жобалау-сметалық құжаттаманың сапасы мен жөндеу жұмыстарының орындалуына ерекше назар аударылады.
Жалпы 2026 жылы өңірде жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелерін жөндеу бойынша 102 жоба жүзеге асырылуда. Олардың жалпы ұзындығы 332 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта жұмыстардың 90%-ы орындалды. Жол жөндеу маусымының қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 97%-ды құрайды.