Павлодарда жас бастамаларға жол ашылды

Павлодарда жас бастамаларға жол ашылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шаһарда «Ерке Ертістің жағасында...» шағын гранттар байқауы бастау алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Үкіметтік емес ұйымдар, бастамашыл топтар және белсенді азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын байқау әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуді мақсат етеді. Қатысушылар өз бастамаларын ұсынып, қоғамға пайдалы идеяларын іске асыруға мүмкіндік алады.

Байқау бес негізгі бағыт бойынша өтеді. Атап айтқанда, «Ertis performance» бағыты заманауи қазақ мәдениетін дамытуға және креативті өнер иелерін қолдауға арналса, «Ертіс сәні» жобасы ұлттық нақыштағы заманауи киімдер мен аксессуарларды дәріптеуге бағытталған.

Ал «Балақай» бағыты балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың дұрыс мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға арналған. «Бір ел – ортақ мүдде» жобасы қоғамдық келісімді нығайту мен патриотизмді арттыруды көздейді. Сонымен қатар, «Жеті ата» бағыты ұлттық құндылықтарды, соның ішінде отбасылық дәстүрлер мен шежірені насихаттауға бағытталған.

Әр бағыт бойынша жеңімпаз атанған жоба авторларына 500 000 теңге көлемінде шағын грант табысталады.

Өтінімдер 2026 жылдың 4 мамырына дейін қабылданады. Байқау талаптары мен шарттары туралы толық ақпаратты 8 747 535 72 99 байланыс нөмірі арқылы алуға болады.

Айта кетейік, байқау Павлодар қаласы ішкі саясат бөлімі қолдауымен ұйымдастырылуда.