Павлодарлық кәсіпкер қоршаған ортаны ластағаны үшін жазаланды
Ол рұқсат етілмеген аумаққа қоқыс қалдықтарын төккен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді.
- Өңірде «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде апатты қоқыс үйінділерінің пайда болуын болдырмау мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Табиғатты қорғау прокурорлары ғарыш мониторингінің суреттерінде көрсетілген қоқысқа толы жер учаскелерін зерттеді. Облыс орталығының маңында тұрғындар өздері жасап алған заңсыз тұрмыстық қоқыстардың ірі полигоны анықталды. Соның ішінде 2 жағдайда құқық бұзушылар қылмыс үстінде қолға түсті, - делінген хабарламада.
Қалдықтарды арнайы белгіленген орындардан тыс жерге тастағаны үшін сауда павильондарының бірінің иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол 300 мың теңгеден астам мөлшерде айыппұл арқалады. Дәл осылай қоқыс қалдықтарын рұқсатсыз төгуге тырысқаны үшін тағы бір павлодарлыққа айыппұл салынды.
Өңірде мұндай апатты полигондарды болдырмау үшін мамандар үздіксіз жұмыстар жүргізе бермек. Мәселен, мүдделі органдардың, кәсіпкерлердің, полигон басшылығының, тұрмыстық және ірі көлемді қоқыстарды шығару бойынша қызметтерді жүзеге асыратын тұлғалар дөңгелек үстелде бас қосты. Онда апатты полигондарды толық жою, олардың тұрақты құрылу орындарында полицияның орталық жедел басқармасымен қосылған бейнебақылау камераларын орнату туралы шешім қабылданды.
Алдағы уақытта қоқысты рұқсат етілмеген жерге төккендер оны жоюға қатысуы мүмкін. Сонымен қатар, жиында полигондардың басшылығына жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қоқыс шығаруға біржолғы талон түрінде жеңілдіктер енгізу мәселесі қарастырылды. Мұндай жеңілдіктерді «Халық тұмары» мобильдік қосымшасы арқылы алуға болатыны айтылды.