Павлодар облысының егістік алқабы Сингапур еліне жақын көлемде ұлғайды
Өңірімізде ресми түрде көктемгі егіс жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ерғанат Әубәкіровтің айтуынша, 2023 жылы егіс алқабы 1 642 мың гектарға жетті. Былтырғы көрсеткіштен 72,1 мың гектарға немесе 5%-ке артық.
- Бұл дәнді, жемшөп және картоп дақылдарының егісін кеңейту есебінен орын алды, - дейді Ерғанат Әубәкіров. – Оның ішінде дәнді дақылдар 983 мың гектар, майлы дақылдар 289 мың, жемшөп 335 мың, картоп 25,5 мың, көкөніс пен бақша дақылдары шамамен 10 мың гектарға егілді. Егіс науқанын жүргізу үшін тұқыммен қамтамасыз ету жоспардың 100% құрады.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын себу үшін 152,2 мың тонна көлемінде тұқым пайдаланылды. 2023 жылы егінге 14,6 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізілді. Минералды тыңайтқыштарды сатып алу және енгізу жалғасуда.
Павлодар облысында 23,8 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, бөлінген көлем толық игерілді. Операторлық қызметтерді ескере отырып, арзандатылған дизель отынының бір тоннасының құны 228 мың теңгені немесе литріне 191 теңгені құрайды, бұл нарықтық бағадан 104 теңгеге арзан. Аталған көрсеткіш бойынша облыс ел өңірлері ішінде бірінші орында.
Көктемгі егіс жұмыстарына барлық модификациядағы 2 875 трактор, 1 794 бірлік соқа, 1 015 қопсытқыш, барлық түрдегі 6 606 тырма, 4 123 сепкіш және 243 егіс кешендері іске қосылды.
Өсімдік шаруашылығын қолдауға 3,6 млрд теңге субсидия бөлінді. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 4,8 млрд теңге берілді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы Павлодар облысына «Кең дала» бағдарламасы бойынша 3 млрд теңге бөлінді 112 кредит берілді. Игеру 100% құрады.
«Агробизнес» бағдарламасы бойынша 1,5 млрд теңге сомасына 34 кредит берілді.
«Азық-түлік корпорациясы» ҰҚ» АҚ форвардтық сатып алуды өткізуге 300 млн теңге көзделген, алты өтініш берушіге берілді.
Фото: Мақсат Көлтай