Павлодарлық ансамбль халық биімен халықаралық сайыста бас жүлде алды
«Томирис» би ансамблі аталмыш жарыста топ жарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өскемен қаласында «Dance heroes» халықаралық хореографиялық байқауы ұйымдастырылды. Іс-шарада облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының «Томирис» үлгілі би ансамблінің жоғары тобы «Жетіген» халық биімен бас жүлдені иеленді.
Сондай-ақ, кіші топ ұйғыр биімен бірінші орынға, жасөспірімдер тобы «Қамажай» биімен екінші орынға, орта топ үнді биімен үшінші орынға ие болды.
– Біз негізінен халық биімен айналысамыз. Қазір халық биін билейтіндер аз. Тіпті, байқауларда қазақ халық билерімен өнер көрсететін би ұжымдары өте аз, – дейді би ансамблінің жетекшісі Алтынай Әділханова.
Аталмыш жоба дарынды тұлғаларды анықтауға және оларды БАҚ-та ілгерілетуге, адамның ой-өрісін кеңейтуге және шығармашылықты дамытуға, би ұжымдарының басшылары арасында тәжірибе алмасуға бағытталған.
Жалпы ақшалай жүлде қоры 300 мың теңгені құрады. Ақшалай сыйлық және жүлделі орындар қазылар алқасының шешімі бойынша берілді.
Сондай-ақ барлық қатысушылар дәрежелі лауреат атақтарымен марапатталады.