Павлодарда жас экологтар мен табиғат зерттеушілері бақ сынасты
Республикалық «Табиғатты аяла» экологиялық форумының қалалық іріктеу кезеңі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Форумның мақсаты – экологиялық мәдениетті тәрбиелеу және білім алушыларды табиғатты қорғау қызметіне баулу.
Бес номинация бойынша өткен байқауға №2, 14, 21, А. Байтұрсынұлы атындағы, М. Әлімбаев атындағы, С. Торайғыров атындағы, М. Әуезов атындағы, А. Шамкенов атындағы мектеп-лицей оқушыларынан, экология және туризм орталығының тәрбиеленушілерінен тұратын 62 бала қатысты.
– Жүлделі орындарды 23 қатысушы иеленді, – дейді экология және туризм орталығының педагогы Наталья Губарь. – «Жасыл мектеп» номинациясы бойынша Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ЖОМ тоғызыншы сынып оқушысы Аурика Тумаренко «БАҚ Отанның мәдени мұрасын сақтаудың пәні мен құралы ретінде» жобасы бойынша және Аманжол Шамкенов атындағы мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Варвара Панихина су қорларына ұқыпты қарауды үйрететін «Водополия» дидактикалық ойыны үшін бірінші орын алды.
«Экотеатр интерактивті қойылымы» номинациясында қатысушылар экологияның қызықты және өзекті мәселелеріне арналған көріністерді сахналаған. Бұл бағытта №2 ЖОМсегізінші сынып оқушылары «Сананы ояту» атты ұжымдық жұмысы үшін үздік атанған.
«Экоблогер» әлеуметтік бейнероликтерінің номинациясы экологиялық мәселелерге арналды. Бірінші орын иегері С. Торайғыров атындағы ЖОМтоғызыншы сынып оқушысы Сәрсенбай Тамерлан өз ролигінде қайта өңделмейтін қаптамаларды өндіру мәселелерімен бөлісті.
–«Үздік Арт-объект» номинациясы бойынша қатысушылар қайта өңделетін материалдардан жасалған шығармашылық жұмыстарды қорғады, – дейді Наталья Губарь.– Бірінші орынды полиэтилен пакеттерден бас киім жасаған № 21 ЖОМ бесінші сынып оқушысы Татьяна Бондаренко иеленді. Сондай-ақ, «Табиғат және біз», «Экологиялық соқпақ», «Қоқысты сұрыптау» тақырыптарында экологиялық лэпбук жасау бойынша «Идеядан іске асыруға дейін» номинациясында Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мектептің алтыншы сынып оқушысы Наргиз Нұралинова үздік атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Павлодар қаласының білім беру бөлімінің грамоталарымен марапатталды. Оған қоса, олар 30 сәуірде өтетін облыстық кезеңге қатысады.
Айта кетейік, экологиялық форум жыл сайын өткізіледі. Биыл форумға қатысушылар 40-тан астам шығармашылық жұмыс ұсынды. Өткен жылы облыстық кезеңде облыс пен қаланың 22 мектебінің оқушылары жүлделі орындарға ие болса, республикалық кезеңде «Eko-Bolashak» номинациясында Павлодар облысынан қатысқан оқушы үшіншіорынға ие болды.