Павлодарда қосымша жылу энергиясының көзі табылды
Қалада болашақта пайда болуы мүмкін жылудың жетіспеушілігін ЖЭО-1 жаңарту арқылы өтеу жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов Павлодарды дамыту бойынша кеңесте мәлімдеді. Жаңа әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді салу жылумен қамту жүйесіне күш түсереді және жылудың жетіспеушілігіне әкеп соқтыруы мүмкін.
Өңір басшысы айтып өткендей, болашақта проблеманың алдын алу үшін ERG тобы ЖЭО-1 станциясында бойлерді күрделі жөндеуді мойнына алатын болды.
- Нәтижесінде біз қосымша 112 Гкал жылу энергиясына ие болып, болашақ дефицитті жаба аламыз. Бұл мәселе наурыз айында шешілуі керек. Сол себепті қаладағы құрылысты болашақты болжай отыра жоспарлау қажет, - деді Асайын Байханов
2023 жылы шаһарда 1 297,7 мың шаршы метр баспана салынбақ. Облыс әкімі Достық мөлтек ауданында болған тәжірибеге сүйеніп, тұрғын үй құрылысына жеке меншік мердігерлерді неғұрлым көбірек тартуды тапсырды.
Оған қоса, Асайын Байханов жаңа мөлтек аудандарды кеңейтуді де міндеттеді. Мысалы, ол Жастар мөлтек ауданында ТМ-37 магистралін, тазарту нысаны мен сорғы станциясын салуды тапсырды.
Айбек Жұматов
Фото: Константин Шелков