Павлодар облысының шаруалары техникамен, арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілген

Павлодар облысының шаруалары техникамен, арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілген
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Аймақ басшысы Асайын Байханов Шарбақты және Успен аудандарындағы көктемгі дала жұмыстарының барысын тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, биыл Шарбақты ауданында егіс алқабы 194 мың га (100,9%) құрады. Егіншілер егістікте белсенді жұмыс істеп, дәнді, майлы, жемшөп дақылдары мен көкөністер екті. Аймақ басшысы аудандағы "Никром", "Алексеевское", "Вигис", "Победа"ЖШС сияқты бірнеше шаруашылықтардың басшыларымен және қызметкерлерімен кездесті. Шаруалар техникамен, арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілген. Фермерлер 15 мың тонна тұқымнан тұратын тұқым қорын құрды.

Ал Успен ауданында егіс алқабы биыл 248,7 мың гектарды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артық. "Алдияр" ШҚ, "Галицкое" ЖШС, "Евгений" ШҚ, "Романенко" ШҚ егістіктеріне барған Асайын Байханов ауыл шаруашылығы техникасын жаңартудағы оң динамиканы атап өтті.

Егіс науқанын уақтылы өткізу үшін мемлекеттік қолдаудың барлық қажетті шаралары қабылданды, ауданның машина-трактор паркі жыл сайын жаңа заманауи техникамен толықтырылып отырады. Биыл жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайтын 17 жаңа заманауи техника сатып алынды. Көктемгі егіс жұмыстарына әртүрлі модификациядағы 871 трактор қатысады.

- Мемлекет егін салу науқанына бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіп отыр. Ең бастысы, бөлінген несиелер орта және шағын шаруа қожалықтарына жетуі керек, бұл қаражат оларға қазір өте қажет. Мемлекеттік қолдау мен қажырлы еңбектің арқасында біздің аграрийлер жақсы өнім жинауы тиіс, - деп атап өтті облыс әкімі.