Павлодар облысының тұрғыны 3500-ден астам патрон тапсырды
Облыс тұрғындары акция аясында бүгінгі күнге дейін 4 млн. 800 мың теңгеге қару өткізген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды пайдаланумен байланысты қылмыстардың алдын алу мақсатында аймақта сыйақы төлей отырып, халықтың атыс қаруын ерікті түрде тапсыруы бойынша республикалық акция жалғасуда.
- Бүгінгі таңда азаматтардан 58 өтініш келіп түсті. 59 тіркелмеген қару қабылданып, қарулы мылтыққа 16370 патрон тапсырылды. Барлық тапсырылған қару деректер базасы бойынша тексеріліп, криминалистикалық сараптамадан өтеді. Облыс тұрғындары барлығы 4 млн. 800 мың теңгеге қару өткізді, - делінген хабарламада.
Мысалы, 3 мамырда Павлодар қаласы ПБ кезекші бөліміне 52 жастағы азамат өз еркімен полицияға "ТОЗ-66" маркалы тегіс ұңғылы, қос ұңғылы аңшылық мылтығын тапсырды. Ер адам бұл мылтық сәуір айында марқұм әкесіне тиесілі гаражды тазалау кезінде табылған. Мемлекет халықтың қаруын өтеулі негізде қабылдайтынын біліп, оны өз еркімен тапсыруға шешім қабылдаған. Бұл қару бойынша баллистикалық зерттеу тағайындалды. Төлемнің болжамды сомасы 72450 теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, Ертіс ауданының Қызылжар ауылының тұрғыны өз еркімен ойық қаруға оқ-дәрілерді, дәлірек айтсақ 9 мм калибрлі 3500 данадан астам патрондарды өтеулі негізде тапсырды. Төлемнің болжамды сомасы 102 АЕК-тен асады. Ауыл тұрғыны су құбырын қазу кезінде оқ-дәрілерді тапқанын хабарлады. Барлық патрондар баллистикалық зерттеуге жіберілді.
– Баллистикалық зерттеу қорытындысынан кейін облыс тұрғындары кепілдендірілген төлемді алады, - деді Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Борис Әлімбаев.
Полицейлер тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын ескертеді.