Павлодар облысының әкімі шалғайдағы ауылдарды қардан тазалауды тапсырды
Қарды екі апта ішінде шығару міндеттелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір әкімдігінде су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері қаралды. «Қазгидромет» дерегіне сәйкес облыс бойынша жауған қардың мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 50%-ға жоғары. Ақтоғай және Шарбақты аудандарында қардың биіктігі екі метрге жетті. Ылғалдың қоры нормадан 40,6%-ға артық. Топырақтың қату тереңдігі 157 сантиметрді құрады, бұл еріген қар суының сіңуіне әсер етеді және су басу қаупін арттырады.
Топырақтың қатуынан басқа, ауа температурасы да сіңу жылдамдығына әсер етеді. Ақтоғай ауданының аумағындағы топырақтың қатуына байланысты қардың жылдам еруі кезінде Шілікті ауылының маңында еріген су көп мөлшерде жиналуы мүмкін, өйткені бұл ауыл географиялық тұрғыдан ойпаң жерде орналасқан.
Асайын Байханов қарды шығаруға баса назар аударды. Павлодар, Железин, Аққулы, Май, Успен, Ертіс аудандарында қар шығару жұмыстарының қарқыны төмен. Ақтоғай және Баянауыл аудандарындағы су басу қауіпі бар шалғайдағы ауылдардан қарды шығару жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеуде.
– Бұл әкімдердің жергілікті жерлердегі жұмысындағы олқылық! Жылдан-жылға ақпан айында қарды уақтылы шығару мәселесі өткір тұрады. Бір апта ішінде шалғай ауылдардағы қарды шығаруды тапсырамын, – деді облыс әкімі.
Су тасқыны жағдайлары кенеттен нашарлаған кезде төтенше жағдайларды жоюға жедел ден қою мақсатында 1 702 адам жұмылдырылады. Сондай-ақ, 616 техника, 42 жүзу құралы және 198 мотопомпа дайындалды.
Май ауданының Қаратерек ауылы маңындағы Ертіс арнасының жағалауын нығайту және тазарту, Ақтоғай ауданының шекарасындағы Сілеті өзенінің арнасын тазарту, түбін тереңдету және жағалауды нығайту жұмыстары орындалды. «Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ботақара» автожолының екі көпірінің құрылысы аяқталуда.
Жиналыс қорытындысы бойынша аймақ басшысы алдағы су тасқыны кезеңінен өту үшін күштер мен резервтердің толық дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды. 1 наурызға дейін - республикалық және өңірлік маңызы бар жолдардағы су өткізу құбырларын ашу жөнінде шаралар қабылдану керектігін жеткізді.