Павлодар облыстық сот залында үйден шығару туралы талап қою ісі қаралды
Бұрынғы ерлі-зайыптылар мүлікті бөлу үшін сот үкіміне жүгінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, азаматтық істер жөніндегі сот алқасы үйден шығару туралы талап қою және керісінше жылжымайтын мүлікті ерлі-зайыптылардың тең үлестегі ортақ мүлкі деп тану туралы қарсы талап қою бойынша істі қарады.
– Іс бойынша тараптардың 2002 жылдан бері тіркелген некеде болғаны анықталды. Сот шешімімен неке 2023 жылдың мамыр айынан бастап бұзылды. Пәтер ерлі-зайыптылардың біреуіне 2016 жылдың қаңтар айында сыйға берілген, – делінген хабарламада.
Жауапкер өз еркімен пәтерді босатудан бас тартқандықтан, тұрғын үйдің иесі үйден шығару туралы талап қоюмен сотқа жүгінді.
Өз кезегінде, жауапкер некеде тұрған кезінде даулы мүліктің құнын айтарлықтай арттыратын, атап айтқанда күрделі жөндеу және ішкі безендіру жұмыстарын жүргізгенін айтып, пәтерді ерлі-зайыптылардың тең үлестегі ортақ мүлкі деп тану туралы қарсы талап қоюмен жүгінді.
Бірінші сатыдағы соттың шешімімен бастапқы талап қою қанағаттандырылды, қарсы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылды. Шешімге жауапкер апелляциялық шағым түсірді.
Апелляциялық сатыдағы сот осы істі қарау кезінде төмендегілерді негізге алды:
- жауапкердің үй иесіне қарсы талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту негізді болып табылады, себебі Қазақстан Республикасы Неке және отбасы туралы Кодексі 35-бабы 1-тармағы екінші тармақшасының негізінде ерлi-зайыптылардың некеде тұрған кезеңiнде мұрагерлiк тәртiбiмен немесе өзге де өтеусіз мәмiлелер бойынша сыйға алған мүлкi ерлi-зайыптылардың әрқайсысының меншiгi болып табылады;
- пәтерге оның құнын айтарлықтай арттыратын жөндеудің жүргізілгені туралы анық дәлелдемелер ұсынылған жоқ.
Алқаның қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.
Қаулы заңды күшіне енді.