Павлодарлық «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігіне 35 жыл толды

Павлодарлық «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігіне 35 жыл толды
Фото: Есенжол Исабек

Мерейтойлық шара наурыз айында Железин ауданынан бастау алып, кейін Шарбақты, Баянауыл аудандарында жалғасып, бүгін Павлодар қаласында қорытындыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Осыдан 35 жыл бұрын Зара Қабдешқызы Қожахметованың бастамасымен құрылған ұйым әйелдердің қоғамдық белсенділігін арттырып, ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді және отбасылық тәрбиені жаңғырту жолында маңызды қоғамдық қозғалыстың негізін қалады.

Қазіргі таңда бірлестіктің Павлодар облысының 12 ауданында бөлімшелері бар. Әр ауданда шамамен 20-25 белсенді ана жұмыс істейді. Сонымен қатар, олардың жанында «Мейірім» келіндер клубы мен «Нұр болашақ» жастар қанаты жұмыс істейді. Ұйым мектептермен және балабақшалармен де тығыз байланыста: балабақшаларда ертегі, ұлттық тәрбие бағытындағы шаралар өткізілсе, мектептерде тәрбие жұмыстарына атсалысады.

–  Бүгінде «НҰР-АНА әлемі» – ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін, отбасы құндылықтарын дәріптейтін, жастарға бағыт-бағдар беретін беделді азаматтық институтқа айналды. Қымызмұрындық, «Асыл әже», «Әже мен немере», «Жақсы келін – ырысы» сияқты жобалар – ұлттық мәдениетті насихаттап қана қоймай, нағыз тәрбие мектебі болып отыр. Бірлестіктің жастармен, әсіресе Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жас сарбаздармен жүргізіп келе жатқан жұмысын да ерекше атап өткім келеді. Аналардың ақ батасы мен аналық тілегі жастардың бойына елге деген жауапкершілікті қалыптастырады. Сіздердің ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Бірлестіктің абыройы артып, игі бастамалары жалғаса берсін, – деді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова. 

35 жылдық мерейтойдың негізгі бөлігі құттықтау, алғыс айту және марапаттау форматында өтті. Көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсіби біліктілігі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына қосқан қомақты үлесі, қоғамдық қызметтегі белсенді өмірлік ұстанымы үшін және «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің 35 жылдығын мерекелеуге орай Павлодар облысы әкімі Асайын Байхановтың Құрмет Грамотасымен облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Бақытжамал Максилова марапатталды. Оған қоса,  қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқан аналар арнайы медальдармен марапатталды.

Бақытжамал Максилова алдағы уақытта да ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосуды жалғастырмақ. Басты тілектері – елде тыныштық, ұрпақтың білімді әрі білікті болуы және Қазақстанның гүлденуі.

Мерейтой аясында «Ана – өмірдің бастауы» атты кітап жарық көрді. Басылымда ұйымның дамуына үлес қосқан 25 ананың өмір жолы, сондай-ақ аудандардағы атқарылған жұмыстар қамтылған.

Марапатталғандардың бірі – Қатима Қарақожинова Ақтоғай ауданында «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігін 12 жылдан бері басқарып келеді. Бүгінде ұйым құрамында 12 әже бар. 

– Біз бірлесе отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қоғамға өз үлесімізді қосып келеміз. Бүгінгі мерейтойда еңбегіміздің бағаланып, марапатқа ие болғанымызға өте қуаныштымыз. Барша әжелерімізге құт-береке, бақыт, шаттық тілеймін. Отбасыларыңыз аман, мерекеміз құтты болсын, – деді ол. 

Оған қоса, шара барысында аналардың фотосуреттерінен арнайы көрме де ұйымдастырылды. Олардың көпшілігі зейнет жасында болғанына қарамастан, ел игілігі үшін қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып келеді.