Павлодар соты бес жылда он миллион теңгеден астам ақшалай өндіріп алу қолданды
2021 жылдан бері әкімшілік сотқа бес мыңға жуық талап қою түсіп, жүздеген процестік мәжбүрлеу шарасы қолданылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әкімшілік іс жүргізу барысында қолданылған ақшалай өндіріп алу шаралары бойынша мәлімет жариялады.
Соттың хабарлауынша, 2021 жылғы 1 шілдеден бері сотқа бес мыңға жуық әкімшілік талап қою түскен. Осы кезеңде жалпы сомасы 13,6 миллион теңгеден асатын 200 ақшалай өндіріп алу шарасы қолданылып, қаражат республикалық бюджетке аударылған.
Ақшалай өндіріп алу шаралары орталық мемлекеттік органдарға, жергілікті атқарушы органдарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттар мен заң консультанттарына қатысты қолданылған.
– Ақшалай өндіріп алуды тағайындауға процестік құқықтарды теріс пайдалану, сот талаптарын орындамау, пікірді уақытында ұсынбау және сот шешімдерін орындамау сияқты фактілер негіз болды, – деді облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты.
Мысал ретінде сот А.-ның Туризм және спорт министрлігіне қатысты ісін келтірді. Сот шығарған жеке ұйғарым бойынша министрлік бір ай ішінде жауап беруі тиіс болғанымен, талап белгіленген мерзімде орындалмаған.
Осыған байланысты соттың ұйғарымымен министрлікке 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай өндіріп алу шарасы қолданылған.
Сот өкілдерінің айтуынша, мұндай шаралар процестік міндеттердің орындалуын қамтамасыз етіп қана қоймай, заң мен сотқа деген құрметті қалыптастыруға ықпал етеді.