Павлодар студенті халықаралық фестивальде аспаздық шеберлігін көрсетті

Павлодар студенті халықаралық фестивальде аспаздық шеберлігін көрсетті
Фото: облыстық білім беру басқармасы

Жарысқа еліміздің түпкір-түпкірінен келген студенттер қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Алматы қаласында «TAIQAZAN-2026» екінші Халықаралық кәсіби шеберлік фестивалі өтті. Іс-шараны Алматы облыстық сервистік және тамақтану саласындағы инновациялық технологиялар колледжі ұйымдастырды.

Жарысқа қатысуға 100-ден астам өтінім келіп түсті. Байқауға қатысушылардың жұмысын Франция, Түркия, Египет, Италия, Ресей және ТМД елдерінің халықаралық сарапшылары бағалады.

– Біздің жұмыстарымызды «TALAP» ұйымының вице-президенті Бақытжан Биекова, Алматы облысы білім басқармасының басшысы Қайрат Жұманов, Түркиядағы Мехмет Зеки Болджи атындағы қонақжайлылық индустриясы колледжі директорының орынбасары Рашида Сезер, сондай-ақ Париждегі «Gullaume Tirel» француз колледжінің профессоры Ronan LeciEux бағалады, – деді Павлодар сервис және тамақтану колледжінің студенті Нұрхан Мейрамов. 

Фестивальге Қазақстанның түрлі облыстарынан және шетелден келген студенттер қатысты. Өңіріміздің намысын халықаралық дода қорғаған Нұрхан «TQ-2 – ет тағамдары» номинациясы бойынша екінші орынға ие болды. 

Байқау барысында ол еттен тағам дайындап, кәсіби шеберлігін көрсетті. Оның сөзінше, олар жарысқа 15-20 күн ішінде дайындалған.

– Көбіне тағамның ұсыну тәсілі мен безендірілуін пысықтадым. Мен үшін тағам әзірлеу қиынға соқпады. Ең қиыны – эмоцияны, яғни стресс пен толқуды жеңу болды. Байқауда ет тағамын дайындауға шамамен 40 минут кетті, – деді студент.

Оның айтуынша, бұл оның алғашқы сайысы және жүлделі орын алу күтпеген қуаныш сыйлаған. Ол аспаз болуға мектеп кезінен бастап қызығып, болашақта шетелде жұмыс істеуді жоспарлап отыр.

Фестиваль қорытындысы бойынша студент медаль, грамота және «Тайқазан» статуэткасымен марапатталды.