Павлодар тұрғыны сот арқылы кондиционерге кепілдік мерзімін ұзартты

Павлодар тұрғыны сот арқылы кондиционерге кепілдік мерзімін ұзартты
Фото: pixabay.com

Қала тұрғыны жабдықты қайта орнату үшін ақша төлемеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2021 жылдың қараша айында ер адам екі жылдық кепілдігі бар кондиционер сатып алған. 2022 жылы сатушы жабдықты өзі орнатқан. Кейін ол кондиционер ауаны салқындатпай тұрғанын байқаған. Дүкен мамандарықұрылғының жұмыс істеп тұрғанын, тек фреонды толтыру керек екенін айтқан.

2023 жылы сатып алушы қызмет көрсету орталығының техник маманына шағымданған. Ол орнату кезіндегі монтаждау ақауын тауып, сатушыға сотқа дейінгі талап арызын жолдамақ болған. Алдымен ер адам сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінен көмек сұраған. Департамент сотқа жүгінуді ұсынған.

Бірінші сатыдағы сот талап арызды ішінара қанағаттандырды. Жауапкерге кондиционерді қайта орнату және қайта орнату күнінен бастап кепілдік мерзімін 12 айға ұзарту туралы бұйрық берілді.

– «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 17-бабының екінші тармағына сәйкес,  шартта көзделген кепілдік мерзімі екі жылдан кем болған және кепілді мерзім өткеннен кейін тұтынушы тауардың кемшіліктерін анықтаса, бірақ тауарды тұтынушыға берген күннен бастап екі жыл шегінде сатушы (дайындаушы), егер тұтынушы тауардың кемшіліктері тауарды тұтынушыға бергенге дейін немесе осы уақытқа дейін туындаған себептерге байланысты пайда болғанын анықтаса сатушы жауапты болады, – деп түсіндірді облыстық соттың баспасөз қызметінде. 

Апелляциялық қаулы өзгеріссіз қалдырылды, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады. Қаулы күшіне енді.