Павлодар тұрғыны тыныштықты бұзғаны үшін айыппұл төледі
Алты азамат құқық бұзушылық үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ауладағы қатты музыка, жөндеу жұмыстары, түнгі уақытта көршілердегі шулы мереке-азаматтардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергі келтіретін осы әрекеттердің барлығы әкімшілік құқық бұзушылыққа жатады.
– Н.Назарбаев даңғылындағы пәтерлердің біріндегі шу фактісі бойынша тұрғындар полицияға жүгінді. Шулы мереке таңғы төртке дейін созылды, – дейді Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Мұстафинов.
Бұдан бөлек, көршілер белгіленген уақытта музыканы қатты тыңдаған тұрғындарға шағымданды. Музыка әуесқойы да жауапқа тартылды.
Жыл басынан бері осы аталмыш құқық бұзушылық үшін барлығы 634 тұрғын жазаланды.
Айта кетейік, сағат кешкі 22-ден таңғы 9-ға дейін тыныштықты бұзу, оның ішінде жеке тұлғалардың қалыпты дем алуына және тыныштығына кедергі келтіретін, шұғыл қажеттілікке байланысты емес шу, тұрғын үйде және оның сыртында жұмыстарды жүргізу, сол сияқты тұрғын үйлерде және тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық мекемелерінің тыныштықты бұзуы, 22-ден бастап жұмыс күндері 9-ға, демалыс және мереке күндері 23-тен 10-ға дейін жеке тұлғаларға – 5, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.