Павлодарда кәсіпкерге заңсыз жер берген шенеунік қызметінен кетуі мүмкін
Облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Бағдат Нәлібаевқа қатысты тәртіптік іс әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Комиссия отырысының негізгі тақырыбы жер заңнамасын өрескел бұзу мен департамент басшысының жұмысы болды.
Өткен жылы Успен ауданында жергілікті «Галицкое» ЖШС-нің жер аумағында екі оқушы суға батып кеткен еді. Қайғылы оқиғадан кейін қаңтар айының соңында шенеуніктер жоспардан тыс тексеру жүргізіп, оның екі де тоғыз гектар жерді заңсыз басып алу фактісін тіркеді. Жер иесі 30 күн ішінде аумақтағы құрылысты бұзып, босатуы керек еді. Алайда, ведомство басшысы кәсіпкердің мерзімін тағы 3 айға заңсыз ұзартқан. Айта кетерлігі, бұл жер азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
- Кәсіпкер 336 миллион теңгеге жоба жасап, ол жерге құрылыс нысанын салған,- дейді департамент басшысы Бағдат Нәлібаев. - Ол бізге келіп жағдайды түсіндіргендіктен, соны ескердік. Заңда Кәсіпкерлік Кодексінің 152-бабы, жетінші тармағында көрсетілгендей егерде нұсқаманы егжей-тегжейлі талдау кезінде меншік иесі сол жерде көп шығын шығарса, оның уақытын ұзартуға болады. Сол себептен мен оны 3 айға ұзарттым.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Медет Амралинов Бағдат Нәлібаевты лауазымынан босату керек деген жеке пікірін айтты. Мұңдай пікірдің тексерулер барысыныдағы департамент қызметіне қатысты көптеген сұрақтардың туындауымен түсіндірді.
Барлық жарыссөздерден кейін комиссия мүшелері бірауыздан Бағдат Нәлібаевты жұмыстан шығаруды ұсынды.