Салық мамандары павлодарлықтар ең жиі қоятын үш сұрақты атады

Бірыңғай байланыс орталығы 1414 нөміріне тоғыз айда бес мыңнан астам қоңырау түскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жыл басынан облыстық мемлекеттік кірістер департаменті 339 295 мемлекеттік қызмет көрсетті, оның 99,3 пайызы электронды түрде орындалды. Қызмет көрсету мерзімін бұзу жағдайлары тіркелмеген.
Талдау нәтижесі бойынша ең жиі қойылатын үш сұрақ анықталды.
– Шығын операцияларын тоқтату немесе қайта ашу мәселелері бойынша 792 қоңырау тіркелген, бұл жалпы өтініштердің 16 пайызын құрайды. Мүлік салығына қатысты сұрақтармен 643 азамат (13%) хабарласқан. Ал үшінші орында – көлік салығын төлеу тәртібі, бұл бағытта 544 қоңырау түсіп, жалпы көрсеткіштің 11 пайызына тең болды, – деді облыстық мемлекеттік кірістер департаменті мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Нұрболат Нұрахметов.
Сонымен қатар, ақпараттық жүйелердің жұмысына байланысты 700-ге жуық және жалпыға бірдей декларациялауға қатысты 400-ден астам қоңырау тіркелген.
Қызметтерді электронды түрде алу үшін қала тұрғындары электронды үкімет порталы, elicense.kz порталы, сондай-ақ «Салық төлеушінің кабинеті», «Кеден» ақпараттық жүйелері арқылы өтініш бере алады. Сонымен бірге е-Salyq Azamat және е-Salyq Business мобильді қосымшалары арқылы да қызмет алуға мүмкіндік бар.
Қалған үш қызмет – құжаттарды апостильдеу, жеке табыс салығын қайтару, және кедендік төлемдердің мерзімін өзгерту – түпнұсқа құжаттарды ұсынуды талап ететіндіктен, әзірге офлайн форматта көрсетілмейді.
Департамент басшысы атап өткендей, соңғы жылдары өңірде тіркелген жеке кәсіпкерлер саны 2 308-ге артқан, бұл экономикалық белсенділіктің өсіп келе жатқанын көрсетеді.
Айта кетейік, департамент орталықтарында салық төлеушілердің ыңғайлығы үшін арнайы электронды кезек ұйымдастырылды. Оның аясында зейнеткерлерге қызмет уақытымен шектелмейтін арнайы билеттер беріледі.