Павлодарда сотталғандарды жұмыспен қамту жолдары талқыланды

Өңірде еңбекке қабілетті сотталғандардың 60%-дан астамы жұмыспен қамтылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқандарды жұмыспен қамту мәселесіне қатысты мүдделі тараптардың басын қосқан кездесу өтті. Өңірлік кәсіпкерлер палатасында ұйымдастырылған іс-шарада мемлекеттік құрылымдар мен жеке кәсіпкерлер сотталғандарды жұмысқа орналастырудың өзекті мәселелері мен мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу барысында сотталғандарды жұмысқа тарту үшін қосымша жұмыс орындарын құру, сондай-ақ арнайы контингентті жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлерге әлеуметтік кәсіпкер мәртебесін беру тетіктері сынды маңызды мәселелер көтерілді. Бұл мәртебе кәсіпкерлерге қосымша қолдау көрсетіп, сотталғандардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етеді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда өңірде еңбекке қабілетті сотталғандардың 60%-дан астамы ақылы жұмыспен қамтылған. Кездесу соңында қатысушылар мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, сотталғандарды жұмыспен қамту арқылы олардың қоғамға қайта оралуына жағдай жасау үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.