Павлодарда «Сергек» камералары қойылуы мүмкін

Павлодарда «Сергек» камералары қойылуы мүмкін
Фото: Константин Шелков

Аталған камералар құқық бұзушылықтың алдын алып, қауіпсіздікті күшейтеді, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті ақпарат және байланыс басқармасының бастығы Вячеслав Ипатов мәлім етті. 

– Әкімдік қарастырып жатқан жобаларға 3500 әртүрлі бақылау камерасы қосылған. Оның ішінде жол жүру ережелерін бақылайтын бейнекамералар да бар. Жоба аясында «Сергек» камералары да алынуы мүмкін, – дейді Вячеслав Ипатов. 

Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыста 60561 бейнебақылау камерасы бар. Жедел басқару орталығыны 14750 бейнебақылау камерасына, оның ішінде білім беру ұйымдарының 10407 камерасына онлайн қол жеткізе алады. 

Сонымен қатар, облыс аумағында 76 жол жүру ережелерін  бұзушылықтарды тіркеу камерасына 46 жүйе орнатылған: «Оракул», «Zerek2», «Кибер-Шериф». Олар белгіленген қозғалыс жылдамдығынан асып кету фактілерін тіркейді.

Айта кетейік, сергек – құрамына бейне түсіру модульдерінің желісі, суреттерді жазу және тану жүйесі, ақпаратты өңдеуге және талдауға арналған зияткерлік жүйе кіретін заманауи камера. 2017 жылдан бастап Қазақстан жолдарына қойылған камера арқылы жол-көлік оқиғалары, бұзақылық, қылмыстардың саны біршама азайған. Бүгінгі таңда атлмыш камералар Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Өскемен сынды басқа да облыс жолдары мен көшелерінде жұмыс істейді.