Павлодарда жүзге жуық учаске жер жұмыстарынан кейін қалпына келтірілмеген
20 қазанға дейін барлық аумақтар ретке келтірілуі тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қала әкімі Хасар Хабылбеков абаттандыруды қалпына келтіру мәселелері бойынша қаланы аралап шықты.
– Облыс әкімі жер жұмыстарынан кейін абаттандыруды қалпына келтіруді қажет ететін аумақтар бойынша жұмыстарды жедел түрде, 20 қазанға дейін аяқтауды тапсырды, – деп жазды Хасар Хабылбеков өзінің Instagram парақшасында.
Бүгінгі таңда қала аумағында жер жұмыстары жүргізілгеннен кейін қалпына келтірілмеген 98 учаске бар. Оның ішінде 15 учаскеде «Павлодар-Водоканал» ЖШС, сегіз учаскеде «Павлодардың электржелілік тарату компаниясы» АҚ, 65 учаскеде «Павлодар жылу желілері» ЖШС және 10 учаскеде өзге де жеке және заңды тұлғалар жұмыс істеуде.
Хасар Хабылбеков жауапты қызметтерге бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстауды, абаттандыру жұмыстарын уақтылы орындамаған немесе сапасыз қалпына келтірген коммуналдық қызметтерді жауапкершілікке тартуды тапсырды.